Президент: Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек
«Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи сананы қалыптастыруда осы мәселеге назар аударуға шақырды. Өткенін білмеген өскелең ұрпақтың болашағы бұлыңғыр екені рас. Бірақ жас буынның жадына үнемі жеңілген, үнемі жәбір көрген халықтың бейнесін сіңіру де қауіпті.
Тарихты қалай оқытсақ, ұрпақ өзін солай таниды. Оқулықтағы әрбір дерек оқушының тұлғалық қалыптасуына әсер ететіні белгілі. Биыл мектеп бағдарламасынан 700-ден астам өрескел қатенің анықталуы, мәселенің мәнін айқындай түсті. Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру сынды қасіреттер ел есінде қалуы тиіс. Бірақ сол нәубеттерден кейін жұрттың қайта ес жиып, еңсе тіктегені көбірек айтылуы,-керек дейді тарихшылар.
Еркін Әбіл, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Қазақ тек қана сорлы халық, ана жау келіп шауып кеткен, мына жау келіп шауып кетті, бізде трагедия бас көтере алмадық деген мәселені жаза берсек оқулықта, онда бала да кәдімгі ұжымдық кемістік комплексі пайда болады. Ал іс жүзінде қарасақ әлемде бізде мыңдаған халық бар. Оның 200- ғана өзінің мемлекеттігіне ие болды. Оның ішінде қазақ халқы. Сан бойынша бізден де көп халықтардың кейбіреуінде мемлекеттілік жоқ. Соған қарағанда біз кәдімгі жасампаз, жеңімпаз халықпыз.
Алаш арыстары соның жарқын мысалы. Замана зауалына қарамастан зиялылар мектеп ашып, оқулық жазып, елдің саяси және мәдени өркендеуіне үлес қосты. Жалпы кешегі күнді тек жеңілістерден тұратын шежіре ретінде қабылдау жастардың өзіне деген сенімділігін де әлсіретуі мүмкін екен.
Гүлназым Исаева, психолог:
Адам жалпы қоғамда, өзінің ортасында өмірінде жалпы ішкі состоянисінде, өзін төмен санайтын болса ол мына әлемде әлеуметтік өмірде қоғамда өзін толыққанды адам ретінде сезінбейді. Өзін көрсете алмайды. Үнемі басынқы жүреді. Бұл да депрессияға алып келеді.
Президент тамыз конференциясында жастардың бойында жасықтықтан бұрын жігер болуы керек екенін айтты. Өйткені жастық жабырқап отыратын емес, жалын атып, талаптанатын шақ. Ал үнемі күйзеліске бой алдыру жас адамның жаратылысына жат болуы тиіс,-деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлы Абай адам баласының ең жаманы талапсыз деп бекер айтпаған. Өзіне сенімсіз, жасық әр нарсеге мұңая беретін үнемі күйзелісте жүретін керітартпа адамның болашағы бұлыңғыр. Тағы да айтып кетейін, қазақ кез-келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт. Келешегіне сеніммен қарап, алға қарай қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт.
Қорыта айтсақ, қазақ қиындыққа қаймықпай қайта тұрған халық. Жадыда қалған әрбір жара ұрпақтың жүгіне айналмауы керек. Өткенге тағзым бар және одан тағылым алу бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы