Басты Жаңалықтар Телеарналар ғаламтор нарығымен бәсекеге түсіп жатыр

Телеарналар ғаламтор нарығымен бәсекеге түсіп жатыр

Ақпарат нарығында көрермен үшін күрес телеарналар деңгейінен ғаламтор кеңістігіне көшті. Жарнама қаржысының жартысынан астамы интернетке ауып, көрерменнің талғамы да цифрлық кеңістікке бет бұрды. Мәселе Ұлттық медиа ассоциациясының «Цифрлық бәсекелестік жағдайындағы телевизия: даму перспективалары» атты конференциясында талқыланды. Бұл ретте бәсеке тек жарнама бюджеті үшін емес, аудиторияның назарын ұстап қалу үшін де күшейіп отыр. Сондықтан цифрлық ортада көрерменге сапалы әрі тексерілген ақпарат ұсыну – медианың басты міндеттерінің біріне айналды.

Кемелбек Ойшыбаев, Ұлттық медиа ассоциацияның басшысы:

Телеарналар тек қана бір бірімен осы нарықта күресіп жатқан жоқ. Сонымен қатар шетелдік арналармен де күресуде. Сонымен қатар интернет дамыған сайын интернеттің бағытында жасап жатқан медиа құралдармен де күреседі.

Бұл – Қазақстанға ғана тән үрдіс емес. Әлемнің ірі телеарналары да дәстүрлі эфирден цифрлық платформаға ойыса бастады. Көрермен ақпарат тұтыну жолын өзгертіп жатыр. Енді телеарналар үшін басты міндет – көрерменге сапалы әрі сенімді ақпарат ұсыну. Демек, телевизия үшін цифрлану – таңдау емес, уақыт талабы. Министрлік те мұны қауіптен гөрі жаңа мүмкіндік деп бағалайды.

Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі:

Уәкілетті орган ретінде біз бұны сын қатер ретінде қарастырмаймыз. Бұл керісінше жаңа мүмкіндік. Яғни бізде қазір алуан түрлі ақпараттың көздері бар. Сондықтан телеарналар яғни телевизия саласы осы қазіргі цифрлық заманға бейімделуі керек. Тиянақты жұмыс істеуі керек. Жасанды интеллект технологиясын қосып, әлеуметтік желіге белсенді жұмыс істеп, жаңа форматтағы жұмысқа көшуі қажет.


Бөлісу