Басты Жаңалықтар Әйел курьерлерді қолдауға бағытталған жоба іске қосылды

Әйел курьерлерді қолдауға бағытталған жоба іске қосылды

Әйел курьерлерді қолдауға бағытталған жоба пилоттық режимде іске қосылды. Мемлекет жеткізу саласындағы қыз-келіншектерге әлеуметтік қолдау көрсетпек. Көмекті қалай алуға болады? Ақниет Балтанова айтсын.

Ақниет Балтанова, тілші:

Курьердің сөмкесін артып, жеткізу қызметінде жүрген қыз-келіншекті көрсек, бірден жанымыз ашиды, аяп тұрамыз. Бірақ бұл саладағы нәзік жандылар намысшыл. Адал істің айыбы жоқ деп санайды. Мына сөмке ауыр болғанымен, жұмыстың жеңілі жоқ. Бұл істің қыр-сырын білмекке бүгін астаналық Аянаймен кездестім.

Ол бүгінде 4 баланың анасы. 2 жыл бұрын курьерлік қызметке кірген. Қаржы жетпегеннен емес, тәулік бойы 4 қабырғада уақыт өтпегеннен. Шамамен 4, кейде 6 сағат жұмыс істедім дейді. Бүлдіршіндерін жақындары қарап, көмек көрсеткен. Айтуынша, ол кезде бұл салада істейтін қыз-келіншектер мүлдем аз еді.

Аянай Елтокова, қала тұрғыны:

Мен декретте отырғанда күн сайын 10 мың қадам жасаймын деп шештім. 1-2 апта жүрген соң, идея келді. Неге бұл хоббиімді пайдаға жаратпасқа? Осы оймен курьер болып тіркелдім. Айына 450-500 мың теңге табыс таптым. Өзімді қинамай, шамам келетін тапсырысты ғана қабылдадым.

Иә, Аянайдың жайы бөлек, жұрттың жағдайы бір басқа. Оның әр қадамы калория жағу үшін болса, көпшіліктің әр қадамы - баласын бағу, нәпақа табу үшін. Бір-екілі жағдай әлеуметтік желіде кеңінен тараған соң, мемлекет те бұған назар сала бастады. Нақтырақ айтсам, әйел курьерлерді әлеуметтік қолдауға бағытталған пилоттық жоба іске қосылды.

Мұхтар Төлеу, ҚР ЕХӘҚ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры:

Тапсырыстарды кемінде 4 апта қатарынан орындап келе жатқан, қызмет көрсету стандарттарына сай келетін, дағдарысты жағдайдағы әйел азаматтар қосыла алады. Көмек көрсетуде бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарға, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар әйелдерге және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған әйелдерге ерекше назар аударылады.

Қанша адам бұл салада өз нәпақасын тауып, қызмет етіп жүр? Қанша әйел күн көрістің қамын күйттеп жүр? Нақты статистика жүргізу қиын. Демек, көмекті қажет еткендер өздері өтінім беруі тиіс. Әр кейс жеке қаралады. Әлеуметтік жоба тек қаржылай қолдауды емес, құқықтық, гуманитарлық әрі психологиялық көмекті қамтиды. Әйелдердің қауіпсіздік мәселесі де жіті бақылауда болуы керек дейді әлеуметтанушы.

Айнұр Бақытжанова, қоғамдық пікірді зерттеу орталығының жобалар менеджері:

Біз алдын ала курьер қай мекенжайға бара жатыр, қандай қауіп бар екенін нақты білу үшін оларға мүмкіндік беруіміз керек. Ол қауіпті тапсырыстардың бірі болатын болса, одан бас тарту платформа тарапынан санкциясыз жүруі керек. Яғни, тапсырысты алмай қойды деп оның рейтингін түсірмей, керісінше жағдайға кіру керек. Сонымен қоса SOS батырмасы жұмыс істеуі керек.

Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, бұл бір адамның ғана емес, жүздеген отбасының тұрмысын түзеуге сеп болар еді. Себебі әр әйелдің мойнында – курьердің сөмкесі секілді, күн сайын көтеріп жүрген отбасының жүгі бар. Сол жүкті жеңілдету – жобаның басты мәні.


Бөлісу