Басты Жаңалықтар Семейді абаттандыру қарқын ала бастады

Семейді абаттандыру қарқын ала бастады

Семейде қаланы абаттандыру және көркейту жұмыстары қарқын алды. Шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлердің тозығы жеткен қасбеттері жаппай жаңартылып, эстетикалық келбеті ретке келтіріліп жатыр. Сонымен қатар аулаішілік жолдарға асфальт төселіп, инфрақұрылым толығымен қайта жаңарды.

Қалада 60–70-ші жылдары салынған мынадай тұрғын үйлердің сұрқы қашып, әбден тозған еді. Қазір олардың заманауи келбеті өзгерген. Тұрғын үйлер сапалы материалдармен қапталып, тозығы жеткен балкондары да ретке келтіріліп жатыр.
Күләш Сейітова, Семей тұрғыны:
73-ші жылдан бері қарай бір кісінің өмірі ғой, ол. Міне, содан бері қарай бір жөндеу көрмеген. Тек қана бетін бояп қана, бір-ақ рет бояу көрген. Оның өзінде де ол бұрын, біз оны көргеміз де жоқпыз. Енді осыған, мына басталған істі аяғына дейін жеткізсе деген тілектеміз.
Нұрбану Қарақұланова, Семей тұрғыны:
Қызыл боялған ескі үй деп айтатынбыз. Енді қазір мінекей, мақтанышпен айтамыз. Жаңа үй деп, жаңа үй болғалы жатыр ғой енді, иә.
Облыс орталығында қазір 7 тұрғын үйдің қасбеті көз тартатындай өзгерген. Жаңалау жұмыстары онымен тоқтамайды. Тағы 10-нан астам үйде құрылыс жалғасып жатыр.
Мадина Шарбақпаева, қалалық тұрғын үй инпекциясы бөлім басшысының орынбасары:
Бұл жұмыстар бізде «Ақ Ертіс» қоғамдық қорынан спонсорлық көмек ретінде жасалып жатыр. Жұмыстар бүгінгі таңда жалғасуда. Құнанбай көшесі, Ломоносов көшесі, 7 үй жұмыстар уже аяқталды. Қазіргі таңда Бозтаев көшесі, Шәкәрім көшесі 35 деген адрестерде жұмыстар жүргізілуде.
Үйлерді жаңартумен қатар тозған аулаларды да жөндеу қолға алынған. Аулаішілік жолдар жаңалануда. Әміре Қашаубаев көшесіндегі 10 қабатты үйде 700-ге тарта тұрғын бар. Тоқсаныншы жылдардан бері жөнделмеген ауласы әбден тозған. Балалар ойнайтын, тұрғындардың есік алдына шығып дем алатын орны болмаған.
Аман Рахметуллин, Семей тұрғыны:
120-150 бала есік алдында күнделікті ойнайтын орындары осы уақытқа дейін болмаған. Бүгінгі күнде міне, разымыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, бордюр дейміз жаңағы, ойын алаңдары, футбол алаңдары, спорттық тренажер, жаңағы осы жерде жаңартылып, қайтадан жасалмақшы.
Қазір шаһардағы 50-ден астам тұрғын үйдің ауласында жұмыс қызу. Асфальт төселіп, жиектастар ауыстырылып, ойын және спорттық алаңдар салынып жатыр.
Аман Хамитов, қалалық ТҮКШ бөлім басшысының орынбасары:
Аулада бізде футбол алаңы, спорт алаңы, демалыс орыны және де балалар ойын алаңы көзделген. Биылға қосымша ретінде қала әкімінің тапсырмасымен барлық жасалатын аулалардың ішінде жарықтандыру көздері көзделген.
Жалпы шаһардағы ауқымды абаттандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарына қалалық бюджеттен және демеушілер есебінен 2,5 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Мамандар бұл жұмыстарды келесі жылы да жалғастырмақ.


Бөлісу