Атырауда резервтегі әскери міндеттілер дайындықтан өтіп жатыр
Атырауда резервтегі әскери міндеттілер кезекті оқу-жаттығу жиынына қатысты. Бірнеше күн бойы олар даярлықтан өтіп, қару-жарақпен жұмыс істеу, тактикалық қимыл және жауынгерлік машықтарын пысықтайды.
Күнделікті тіршіліктен әскерге қайта оралған жауынгерлер әскери машықтарын ұмытпапты. Әуелі тексеруден өтіп, құрал-саймандары мен қару-жарақтарын түгендеді. 156 әскери міндетті биыл арнайы дайындықтан өтеді. Солардың бірі – Құрманғазы ауданынан келген Есенбек Ақдүйсеев.
Есенбек Ақдүйсеев, резервтегі жауынгер:
Төтенше жағдайдан құдай сақтасын бірақ елге қандай да бір қауіп төнген жағдайда ҚР қорғау әрбір азаматтың міндеті деп білемін. Сол себепті мұндай әскери оқу жиынынан өту мемлекетіміз, еліміз үшін керек деп ойлаймыз.
Жаттығу барысында әскери міндеттілер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырады. Ертеңнен бастап арнайы полигонда әскерде үйренген дағдыларын жаңғыртып, төтенше жағдай кезінде ел қорғанысын қамтамасыз етуге дайындықтарын жетілдіреді.
Нұржан Дәуітов, Атырау облысы аумақтар қорғаныс бригадасының командирі:
Жиынның мақсаты – әскери міндеттілердің әскери қызметте әскери тәжірибелері мен білімін нығайту. Жауынгерлік даярлықты жоғары деңгейге жеткізу. Бұрын алған тәжірибелерін еске түсіріп, арнайы тактикалық дәрістер өткізіледі.
Әскери міндет – резервтегі әр жауынгердің дайындығы – мемлекеттің қорғаныс қабілетінің бір бөлігі. Бүгін олар әскери машықтарын қайта шыңдаса, ертең ел қауіпсіздігі үшін алдыңғы шепте болуға дайын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы