Басты Жаңалықтар ХХ Жазғы Азия ойындары: Спортшылар лайнерде тұрады

ХХ Жазғы Азия ойындары: Спортшылар лайнерде тұрады

Төрт жылдықтың басты спорттық бәсекесі – Азия ойындарының басталуына санаулы күн қалды. Қазір сары құрлық додасын өткізетін Жапонияда қызу дайындық жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар спортшыларды қарсы алуға сақадай сай. Бұл жарыстың ерекшілігі: атлеттер дәстүрлі қалашықта емес круиздік лайнерде тұрады. Азиада туралы өзге де қызықты мәліметтерге әріптесім Асылбек Данияр шолу жасады.

Азиада алауының тұтануына тура 12 күн қалды. Дегенмен, кейбір спорт түрлерінен іріктеу сайыстары қыркүйектің 10-ы басталады. Жарыста Азияның ең мықты спортшылары бақ сынайды.
Алдын ала ақпарат бойынша Азиадаға 45 елдің спортшылары қатысады. Жарыстар Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Сайыстар 53 нысанда болады. 12 мыңнан астам атлет спорттың 43 түрінен 71 дисциплинада 469 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Толқын үстіндегі төрт жылдық! Жапониядағы жиырмасыншы Азия ойындарының басты сенсациясы – спортшылардың дәстүрлі қалашықта емес, круиздік лайнерде орналасуы. Осылайша, күн шығыс елі бұл жолы барынша шығынды азайтуды көздеп отыр. Кеменің ұзындығы 290 метр. 4000 спортшыны сыйдыра алатын 1500 кабинасы бар. Ал қалған қатысушылар теңіз жағасындағы виллаларда тұрады.

Ұйымдастырушылар медальдарды жасауға 2 келі алтын, 1 тоннада аса күміс және 563 келі мыс пайдаланбақ. Жүлденің салмағы: 222-265 грамм төңірегінде. Алтын медаль таза күмістен дайындалады. Ол кемі 1 грамм алтынмен қапталады.

Азиаданың ашылу салтанаты 19 қыркүйекте «Палома Мизухо» стадионында өтеді. Ұйымдастырушылар көне жапон мәдениеті мен өнерін заманауи робототехника, жарық лазерлік шоулары және соңғы үлгідегі мультимедиялық технологиялармен ұштастырып көрсетуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, сары құрлық бәсекесінде ел намысын 500-ден астам спортшы қорғайды. Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің болжамынша, атлеттер 100-ге жуық медаль жеңіп алады. 


Бөлісу