Басты Жаңалықтар Көшпенділер ойындары: Қорытынды

Көшпенділер ойындары: Қорытынды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ат үстіндегі халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртатын жаһандық деңгейдегі бірегей мереке. Білектілер мен жүректілер ел намысын қорғап, сынға түсті. Дала додасында дараланған қазақтың ұл-қыздары көпшілікті таңғалдырғаны рас. Ерекше ойынның есте қалған сәттерін назарларыңызға ұсынамыз.

Алыс-жақындағы ағайынды апырай дегізген арқан тартыс әлеуметтік желі де кеңіннен таралып жатыр. Ирандық алыптың сыртқы келбетінен-ақ сойқан күші бірден көзге түседі. Салмағы 190 келі. Иығына 4 кісі мінгендейдің нақ өзі. Сол ешкім қозғай  алмаған, қаққан қазықтай болған дәуді арқан тартыста 110 келі Мейір Рахметқалиев ырғап-ырғап жұлып-ақ алды.
Аламан бәйге. Соңғы айналым. Атшабарда қара шаң сондай қалың.  Тұлпарлар жарысында жерлестеріміз алдына қара салмады. 25 шақырымдық бәйге де алғашқы 5 орынды түгел қазақ шабандоздары иеленді. Бас жүлде Керекулік Айман атты сәйгүлікке бұйырды.
Дәстүрлі садақ ату сайысындағы Аяш Қабдоллаеваның мергендігі де көптің есінде. 51 жастағы әйел нысанаға дәл көздеп алтыннан алқа тақты. Жеңіс тұғырына көтерілгенде, көзінен еріксіз жаста төгілді.
Ал бетіне тұяқ тиіп, ат астында қалып кетсе де қасқайып қайта тұрған Құрманбек Тұрғанбектің ерлігі көпке дейін көптің есінде қалары анық. Дәрігерлер тартысты тоқтауға кеңес берген. Десе де намысты жігіт жарақатына қарамай ойынды жалғастырды. Алаңнан да артық сөзсіз күліп қана кетті.
Көшпенділер ойындары кеше мен бүгінді жалғаған алтын арқау. 113 елдің саңлақтары бақ сынаған бәсекеде Қазақстан құрамасы 74 медаль жеңіп алды, оның 32-сі алтын. Дала төсіндегі дүбір басылды. Десе де осы доданың жаңғырығы әлі талайға жететіні сөзсіз.


Бөлісу