ШЫҰ: Президент Бірыңғай транзиттік цифрлық платформа құру бастамасын көтерді
Осы аптада Қырғыз астанасы үлкен саясат пен үлкен спорттың тоғысқан мекеніне айналды. Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының кезекті саммиті және ШЫҰ+ жиыны өтті.
Ұйымға мүше 9: Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және бақылап қарап жүрген мемлекеттер бар, жиыны 20-ға жуық елдің басшылары мен БҰҰ бастаған 7 халықаралық құрылымның жетекшілері жиналды. Әуелі меймандар дүйсенбі күні өткен 6-шы Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын тамашалады. Ол жаңадан салынған «Бішкек Арена» стадионында ұйымдастырылды. 51 мың көрермен емін-еркін сиятын алып кешен Орталық Азиядағы ең үлкен стадион атанды. Сән-салтанаты жарасқан нысанның архитектурасы да көздің жауын алады. Киіз үй пішінінде салынған. Осылайша қырғыз бауырлар әлемдегі ең үлкен киіз үйді тұрғызып отыр. Ашылу салтанаты дала рухын дәріптеп, қырғыз елінің тарихынан сыр шертті. Биылғы жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңға жуық спортшы өтініш берген. Қазақстаннан 150-ден астам спортшы қатысты.
Ал ертесіне, 1 қыркүйекте Шанхай ынтымақтастығы ұйымының жиындары өтті. Биыл ұйым ширек ғасырлық межені еңсерді. Бес елдің бірлесуінен басталған ұйым бүгінде жаһан халқының жартысына жуығын қамтыған үлкен құрылымға айналды. ШЫҰ елдерінде әлем халқының шамамен 45 пайызы тұрады. Бұл – 3,5 миллиардқа жуық адам. Ұйымға мүше мемлекеттердің үлесіне әлемдік экономиканың үштен бірі және жаһандық сауданың 15 пайызы тиесілі. Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар бастама көтерді. Президент Еуразиядағы стратегиялық тұрақтылық пен сенім шараларына арналған министрлер конференциясын өткізуді ұсынды. Әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу сияқты сұрақтар талқылануын қалайды. Сонымен бірге біздің ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі Қытай бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Банктің штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыруға дайын екенін жеткізді. Президент Бірыңғай транзиттік цифрлық платформа құру бастамасын да көтерді. Сондай-ақ 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеуге шақырды. Су қауіпсіздігін де ұйымның өзекті бағыттарының бірі ретінде атады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы