Басты Жаңалықтар Қайырымдылық күніне орай мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді

Қайырымдылық күніне орай мұқтаж жандарға қолдау көрсетілді

Бүгін – Халықаралық қайырымдылық күні. Қиналғанға қол ұшын созып, жанынан табылу қашанда адамдықтың айқын көрінісі. Осындай жанашырлыққа үн қосқан жандар елдің әр өңірінде игі бастамалардың ұйытқысына айналды. Бірі қиындыққа тап болған отбасыға жәрдем берсе, енді бірі жыл бойы әлеуметтік жобаларға атсалысып келеді.

Биыл Шымкент жастары 20 шақты шара ұйымдастырып,  1500-ге жуық жанға демеу болды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, ардагерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға еріктілер үнемі жәрдемдесіп келеді. Мереке күні де төтенше жағдай салдарынан баспанасынан айырылған обасына қол ұшын созды. 

Қуаныш Серікбаев, Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары:

Төтенше жағдай орын алып, өрт шалып, өз үйінен айырылған отбасыға азық-түлік жинап, бір реттік көмек көрсетіп жатырмыз. Шымкент қаласының белсенді жастары, ерікті жастары мұндай жағдайға бей-жай қарамаған. Мұндай жағдайдағы отбасыларға көмекті тұрақты түрде беріп отырады.

Ақтөбе облысында 6 жылдан бері волонтерлар кеңесі жұмыс істеп келеді. Оның құрамына 40 ұйым енген. Белсенділер жыл басынан бері 1300-ге жуық іс-шара ұйымдастырды. Қайырымдылыққа жаны құмар жандар экологиялық акцияларға қатысып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға ұдайы көмек көрсетіп отырады. Мәселен, тек «Volunteer-2020» бірлестігінің өзі осы уақытқа дейін 7 отбасының баспаналы болуына ықпал еткен. Өңірде 7 волонтерлік ұйым және 132 еріктілер тобы бар.

Нұрбек Жалғасбаев, Қоғамдық бірлестік жетекшісі:

Ақтөбеде «Үміт», «Аяла» атты екі балалар үйі бар. Солармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Оларға ифрлық дәуірді үйретуге яғни, телефонды пайдалануға, алаяқтардан алданбау үшін, нағыз IT мамандар тегін түрде үгіт-насихат жүргізіп, үйретеді.

Халықаралық қайырымдылық күніне орай Абай облысында бірқатар шара ұйымдастырылды. Өңірдің қала-аудандарында волонтерлер мұқтаж отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетті. Облыста қайырымдылық шаралары жыл бойы үздіксіз жүргізіледі. Семей қаласы мен аудандарда арнайы фронт-офистар жұмыс істейді. Мұнда көмекке мұқтаж азаматтар мен отбасылардың тізімі жасалып, оларға тұрақты түрде қолдау көрсетіледі. Тек биылдың өзінде өңір волонтерлері 300-ге жуық шаңыраққа көмек қолын созған.

Әліби Әбдурайымов, «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының директоры:

Қазір бізде облыс көлемінде 147 мың жас бар 14-пен 35 жас аралығында. Оның ішінде 43 ұйым бар. Волонтерлық ұйым болып табылады. Кейбір аудандарда қайырымдылық акциясында жағдайы жоқ отбасыға азық-түлік апарып жатса, кейбірі үлкен кісілердің үйіне барып қысқы отындарын турап, барлығы солай жұмыс жасап жатыр.

Әр өңірдегі еріктілердің жыл бойғы еңбегі мұқтаж жанға демеудің сан түрлі жолы бар екенін көрсетіп отыр. Жақсылықтың үлкен-кішісі жоқ. Ал мұндай жанашырлық көбейген сайын, мейірім де арта түседі.

Бөлісу