Ұлт ұстазының еңбектері Түркияда да зерттеліп жатыр
Бүгін Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ахаң тек қазақ халқы үшін емес, түгел түркі жұрты үшін ардақты тұлға. Себебі оның шығармалары мен еңбектерінде тұтас адамзатқа арналған терең ойлар мен тұщымды пікірлер көп. Туыстас Түркияда да Ахмет Байтұрсынұлын зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдар аз емес. Келесі материалда солардың бір парасының еңбегімен таныстырамыз.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияда Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар мен жас ізденушілер аз емес. Ахаң туралы түрік тілінде бірнеше кітап пен ондаған мақала жарық көрді. Бұдан бөлек ағартушының 150 жылдық меретойына орай Анкарада осындай ескерткіші бой көтеріп, саябақ та ашылған.
Анкарадағы Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун 20 жылдан астам Алаш зиялыларын зерттеп келеді. Түрік тілінде Ахаң туралы бірнеше сүбелі еңбек те жазды. Ғалымның айтуынша Алаш азаматтарын зерттеу Түркияда өткен ғасырдың 40-шы жылдары басталған.
Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры, алаштанушы:
Біз кеңес дәуірі кезінде олардың атын айта алмаған кезде, еңбектері туралы еш айтуға болмайтын кезде Түркияда алаштану ешуақытта үзіліп қалмай жалғасып жатқан. 40-жылдары әсіресе, сол кездегі башқұрт ғалымдары біздің Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханды, Міржақып Дулатұлы барлығымен бірге еңбектеніп жұмыс істеп жүрген башқұрттың сол кездегі мемлекет қайраткері Зәки Уәлиди Тоған алаштану бойынша үлкен деректер жазып кеткен.
Ал Түркиядағы ахметтану ғылымының бастауында тұрған ғалым, сөзсіз, профессор Нергис Бирай. Өзін Ахметтің қызымын деп таныстыратын ол, Ахмет Байтұрсынұлы туралы докторлық диссертация қорғап, екі кітап жазды. Ол Ахаң тек қазақ қоғамы емес, адамзатқа ортақ мәселелерді де көтерген терең тұлға екенін айтады.
Нергис Бирай, Памуккале университетінің профессоры, ахметтанушы:
Байтұрсынұлының ой тұжырымы жалпы адамзатқа бағытталады. Қазақ қоғамынан бастау алған оның білім, ана тілі, сауаттылық, мәдени тәуелсіздік, қоғамдық жауапкершілік және зиялының міндеті туралы ойлары бүкіл адамзаттың ортақ мәселесіне айналады. Осы тұрғыдан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ қоғамының нақты мәселелерінен бастау алып жалпы адамзаттық мәселелерді көтерген маңызды Түркістан зиялысы.
Дегенмен түркиялық ғалымдар Алаш зиялылары туралы зерттеулердің әлі де аз екенін айтады.
Альпер Альп, Түркітанушы ғалым:
Өткен жылы біздің университетте А.Байтұрсынұлы туралы бір докторлық диссертация қорғалды. Алайда Түркияда қазақ зиялылары толыққанды зерттелді деп айта алмаймыз. Әлі де болса осы саланы жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдар шоғыры қалыптасқан жоқ. Дегенмен жастар арасында қазақ тарихына, қазақ қайраткерлеріне қатысты қызығушылық жоғары.
Түркияда
бүгінге дейін Ахмет Байтұрсынұлы туралы 60-тан аса мақала, 7 кітап, ондаған
диссертация жазылған. «Ел бүгіншіл менікі ертең үшін» деген ұлы тұлғаның мұрасы
осылайша түркітілдес халықтардың ғылымына да өлшеусіз үлес қосып келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы