«Ұмай» ипотекасы бойынша 855 өтінім қабылданды
«Ұмай» ипотекасына әйелдер тарапынан сұраныс жоғары.
Мәселен, 31 тамыз күні бағдарлама басталғанда
бірнеше сағаттың ішінде-ақ 855 өтінім қабылданған. Бұл туралы «Отбасы
банкі» хабарлады. Өтінім берушілер сұраған қарыздың орташа сомасы – 23 млн теңге.
Ал ипотека шарттарына сәйкес 50 миллион теңгеге дейінгі пәтерді рәсімдеуге
болады. Несие 25 жылға дейін беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі – 14,8 пайыз.
Отбасының жиынтық табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспауы тиіс. Бағдарламаға қатысу
үшін Алматы мен Астана тұрғындары үй құнының кемінде 20 пайызын, ал басқа өңірлердегілер
15 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеуі қажет. Қарыз алушы соңғы алты айдағы
ресми табысын растауы тиіс. Биылғы бағдарламаға қатысушылардың ең жасы 18-де,
ал ең үлкені – 63 жаста.
Бағдарламаны қаржыландыруға Азия даму банкі қаражат бөліп отыр. Банкке алдын ала 9 млрд теңге көлемінде алғашқы транш аударылды. Ипотекаға қыз-келіншектер тарапынан жоғары сұраныс болғандықтан, «Отбасы банкі» Азия даму банкіне екінші траншты мерзімінен бұрын бөлу туралы өтініш білдірді. Сондықтан «Ұмайға» өтінімдерді қабылдаудың келесі мерзімі алдын-ала хабарланады, дейді мамандар.
Айта кетейік, «Ұмай» бағдарламасы іске қосылғаннан бері 4 мыңға
жуық қыз-келіншек баспаналы болды.
Назерке Ғалым, «Отбасы
банкі» АҚ ресми өкілі:
Әйелдердің көптігінен бізде бірінші транш аяқталды. Жалпы, қазір екінші траншты көбі күтіп отыр. Азия даму банкімен жалпы 90 млрд теңгеге келісімшартқа отырғанбыз. Екінші траншты қазір алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазан айында біздің қыз-келіншектерімізді қуантамыз деп отырмыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы