Басты Жаңалықтар Тасқыннан қираған ГЭС туннелінен 2 адам шықты

Тасқыннан қираған ГЭС туннелінен 2 адам шықты

Непалда алапат тасқыннан қираған ГЭС-ке апаратын туннелден бүгін 2 адам құтқарылды. Олар арада 9 күн өткенде жер бетіне аман шығарылып отыр. Мұны осы елдің энергетика министрлігі хабарлады.

Естеріңізге сала кетсек, тамыздың 26-да Гималайда мұздық құлап, жер сілкініп, Тришули өзені тасығанда, су электр станциясын таудан көшкен сел басып қалып, туннелдерден 900-дей адам шыға алмай қалған. Жұмысшыларды іздеу операциялары әлі жалғасып жатыр.

Дегенмен топан судың ГЭС-ке кіре бастағанын дер кезінде байқап, сыртқа шығып үлгергендер де баршылық.

Дхан Бахадур Таманг, су басқан ГЭС жұмысшысы:

Ешқайсымыз тірі қалмаймыз деп ойладық. Егер су көтерілсе шыға алмас едік. Қайтсек те сытылып кетуге тырыстық. Келген жағымызбен кетейік десек, ол есік жабылып қалыпты. Басқа жол іздеп, оны таптық. Бірақ шығуға арматура кедергі болды. Оны аздап майыстырып, басымымыз сиятындай етіп, біртіндеп далаға шықтық. Қуаныштымын, екінші рет өмірге келгендеймін. Енді ГЭС туннелінде ешқашан жұмыс істемеспін.

Жалпы алғанда бұл апаттан Непалда 1259, Қытайда 21 адам қаза тауып, екі жақты қоса алғанда бас-аяғы 5 жарым мыңдай адам жоғалып кеткен. Хабарсыз кеткендердің арасында жүздеген турист бар. Ал ЮНИСЕФ-тің дерегінше, қазір Непалда 22 мыңдай бала ауызсуға мұқтаж және оларға жұқпалы аурулардан қауіп төніп тұр.


Бөлісу