Басты Жаңалықтар «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол құрылысы қарқын алды

«Дарбаза-Мақтаарал» теміржол құрылысы қарқын алды

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында салынып жатқан «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы қарқын алды. Бес ауданнан өтетін шойын жол Өзбекстанға дейін жалғасып, алыс-жақын шетелге тауар тасымалдауға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан жоба толығымен іске қосылғанда мыңға тарта жұмыс орны ашылмақ. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

127 шақырым. Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай мен Мақтаарал аудандары арасындағы осынша аумақты енді теміржол байланыстырады. Құрылысқа  284 млрд теңге жұмсалады.  3 станция, 2 разъезд салынып, 33 көпір және 129 темірбетонды су өткізгіш құбырлар қойылады. Қазір шойын жолдың 90 шақырымына  рельс  төселіп,  байланыс желілерінің бағаналары орнатылуда.

Мұхтарбай Битеміров, «Қазақстан темір жолы» АҚ ҰК «Дарбаза-Мақтаарал» басқармасының бас менеджері:

Бүгінгі таңда 33 көпірдің 29-ы толығымен аяқталып, 4-еуінде жұмыс барысы жүргізілуде. Және де 129 су өткізгіш құбырлардың 122-сі бітіп, 7-еуінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Одан да басқа байланыс және электр жүйелерінің жұмыстары бүгінгі таңда қызу жүргізілуде.

Құрылысшылар жер тегістеп, құм төсеп болып қалды. Сондай-ақ Сырдария өзенінің үстінен ұзындығы 500 метр болатын үлкен көпірдің құрылысы толықтай аяқталды. Алып көпірдің  технологиясы әлемдік талаптарға сай салынды. Яғни, 38 метр тереңдікте жерді бұрғылап, қалыңдығы 2,5 метр болатын темір бетондар құйылған. Көпірдің салмағы 2 мың тоннадан асады. Қазір тіреуіштерін орнатып жатыр.

Абылайхан Рысбай, Мердігер компанияның бөлім басшысы:

Қазақстанда алғаш салынып жатқан баланссыз плита деп аталады. Металл конструкциялардан құрастырылған. 7 опорадан, 6 арқалықтан тұрады. Көбінде сұрақ болады: топырағын судың тасқыны шайып кетпей ме деген. Оған арнайы технологиямен төселіп жатыр. Үстінен өтетін рельстің салмағы да есептелінген. Вагондардың салмақтары да. Ондай ешқандай қорқыныш жоқ, құлап кетеді ме, ауып кетеді ме деген.

Шойын жолды салуға бас-аяғы 911 техника мен 1500-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Олар екі ауысыммен еңбек етуде. Қазір «Мақтаарал» мен «Ердәуіт» станциясын салу жұмыстары қарқын алған. Екі жылға созылған нысанның құрылысы жыл соңында аяқталып, толық тапсырылады деп күтілуде.

Бөлісу