Басты Жаңалықтар Биыл қылмыс 10%-ға азайды

Биыл қылмыс 10%-ға азайды

Елімізде қылмыс деңгейі 10%-ға төмендеді. Президент Жолдауында белгіленген «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағытта цифрлық технологиялар, бейнебақылау және интеллектуалдық аналитика жүйелері кеңінен қолданылуда. Жүргізіліп жатқан шаралардың арқасында елдегі қылмыс деңгейі төмендеп келеді. Былтыр тіркелген қылмыстар саны 6%-ға азайып, 103 мыңнан 97 мыңға дейін төмендеді. Ал биылғы  бірінші жартыжылдықта  қылмыстың жалпы деңгейі тағы 10%-ға қысқарды. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар былтыр 9%-ға, алғашқы алты айда тағы 19%-ға азайды. Киберқылмысқа қарсы күрестің арқасында жыл басынан бері 3,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі ашылды. Антифрод-орталықтың көмегімен тұрғындардың 1 млрд теңгеден астам қаражаты бұғатталды, ал байланыс операторлары 163 млн алаяқтық қоңырауды тоқтатты. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 26 мың заңсыз интернет-ресурс анықталып, олардың қызметіне тосқауыл қойылды. Жол қауіпсіздігі саласында да оң динамика байқалады: жеті айда жол-көлік оқиғалары 4%-ға, қаза тапқандар саны 16%-ға, жарақат алғандар 6%-ға азайды. Атқарылып жатқан кешенді шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға бағытталған.


Бөлісу