Басты Жаңалықтар Медициналық ұйымдарда ішкі инфекциялық аудит енгізіледі

Медициналық ұйымдарда ішкі инфекциялық аудит енгізіледі

Ауруханаларда жұқпалы дерттің таралуына қарсы бақылау күшейеді. Енді еліміздегі барлық медициналық ұйымдарда міндетті «ішкі инфекциялық аудит» енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр науқасқа ем көрсету кезінде инфекция жұқтырғандар алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық артқан. Мұндай дерек көбіне перзентханаларда тіркелген.

Динара Омарова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:

Ішкі инфекциялық аудитті медициналық ұйымның өзі жүргізеді. Ең алдымен медицина қызметкерлерінің қол тазалығы, құралдардың дұрыс тазалануы, қолғап пен масканың қолданылуы тексеріледі. Тексеру жиілігі әр медициналық ұйымның бағытына және ондағы жағдайға байланысты болады. Ішкі мониторинг мемлекеттік бақылауды алмастырмайды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет те өз міндетіне сай медициналық ұйымдарды сырттан тексеруді жалғастырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әр 10-науқас ауруханада емделу кезінде инфекция жұқтырады. Сондықтан Қазақстанда енгізіліп жатқан ішкі аудит жүйесі ауруханадағы инфекция қаупін азайтуға көмектеседі, дейді мамандар.

Манар Смағұл, Қоғамдық Денсаулық сақтау ұлттық орталығы басшысының орынбасары:

Дүниежүзілік тәжірибелерге сүйенсек, жұқпаны алдын алу шаралары медициналық ұйымға енгізілгенде ол 70 пайыз ауруханаішілік жұқпаларды төмендетеді. Науқасқа қосымша жұқпа жұқтырып алған соң емделу қымбат. Уақыты созылып кетеді. Алдын алу шараларын қолданған кезде әр науқас уақытылы емделіп, медициналық ұйымнан шығады.


Бөлісу