Сарапшы: Жастардың жігері – елдің тірегі
Қиындыққа мойымайтын ұрпақ – ел болашағының берік негізі. Түрлі сынақты еңсеру жас буынның жігері мен табандылығын шыңдайды. Жетісуда 18 жастағы параспортшы тағдыр тауқыметіне қарамастан халықаралық сайыстарда ел намысын қорғап жүр. Ал мектеп оқушысы 1000-ға жуық қолданушысы бар ертегі платформасын жасап шықты. Дарынды жастармен әріптесім Нұрдәулет Сыздық тілдесіп қайтты.
Ақат Дәулеттің үстел теннисімен айналыса бастағанына 3 жыл ғана болды. Аз уақыттың өзінде-ақ жастар арасында ел чемпионы атанып, биыл халықаралық додада қола жүлдеге қол жеткізді. Қайсар спортшыға қолындағы туа біткен ақау да кедергі емес. Оның сөзінше, ең бастысы – қиындыққа мойымай, алға ұмтылу.
Ақат Дәулет, параспортшы:
Ешқашан мойымау керек. Спортшыға ең бастысы өз-өзіне сену. Ең бірінші өз-өзіне сену керек, тоқтамау керек. Тек алға қарай жүру керек. Ештеңеден қорықпау керек деп айтамын. Аз-аздан болса да қадам істеу керек. Сондықтан соңында жеңеді.
Ал мектеп оқушысы Назым Шайзат құрбысымен бірге ұлттық құндылықты дәріптейтін ертегі платформасын әзірледі. Онда баланың есімі мен қызығушылығын жазып, фотосын жүктейді. Ал жасанды интеллект бүлдіршінге арнайы ертегі құрастырады. Бүгінде платформа көрші елдерде де сұраныста ие.
Назым Шайзат, оқушы:
Әрбір ертегіде белгілі бір қиындық болады. Басты кейіпкер сол баланың өзі, белгілі бір қиындыққа тап болады. Ертегінің соңында ол міндетті түрде қиындықтан мойымай, сүрінбей өтеді. Біздің платформа әрбір оқырманға қиындықтан өтуге жетелейді.
Келер ұрпақтың мықты, ізденімпаз болуы отбасы мен ортасына байланысты. Сондықтан бала тәрбиесі мен оған дұрыс бағыт-бағдар берудің маңызы зор дейді қоғам белсендісі Жұматай Оспанұлы.
Жұматай Оспанұлы, қоғам белсендісі:
Отбасы, ұстаз, орта деген нәрсе қазанның үштағаны десек. Үшеуі нық тұрған кезде, оның ошағынан тек қана берекенің, бақыттың, бақуатты болуының ырысы қайнап тұрады деп есептейміз.
Елімізде 6
миллионға жуық жас бар. Бұл – ел халқының үштен бірі. Білімге, спортқа және
жаңа технологияға ұмтылған жастардың көбейуі ел болашағының да нығая түсуіне
жол ашады дейді мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы