Қытайда лай көшкінінен опат болғандар саны 16-ға жетті
Қытайда лай көшкіні кезінде жоғалғандар әлі де табылмай жатыр. Бірнеше күннен бері жүздеген техника мен мыңдаған құтқарушы жұмылдырылуда. Іздеу жұмыстары күндіз-түні жүргізілгенімен айтарлықтай нәтиже бермей тұр. Қазір оқиға орнына иісшіл иттер мен жер астын барлайтын арнайы құрылғылар жеткізілді. Мән-жайды осы елдегі тілшіміз Әйгерім Ермұханқызы баяндайды.
Әйгерім Ермұханқызы, тілші:
Сицзан аймағында жағдай күрделі. Бұл Қытайдың оңтүстік-батыс бөлігі. Мұнда лай көшкінінен опат болғандар саны күннен күнге өсіп барады. 546 адам ізім-қайым жоқ. Іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Былқылдаған лай-батпақта іздеу жұмыстары өнбей тұр. Құтқарушылар бір аптада 16 адамның мәйітін тауып әрең шығарды.
Бұған дейін әуеден, жерден, тіпті ғарыштан барлау жүргізілген еді. Қазір іздеу тәсілі өзгертілді. Оқиға орнына иісшіл иттер мен жер астын барлайтын арнайы құрылғылар жеткізілді. Өйткені шатқалдың ішіндегі батпақтың қалыңдығы 2 метрге дейін жетеді. Қираған көлік пен тұрғын-үй, инфрақұрылым шығындары белгісіз. Түкпірдегі елдімекендермен барыс-келіс үзілген. Екі ортаны жалғап тұрған жалғыз жолды су шайып кетті. Электр желісі, байланыс мүлде жоқ. Енді метеорологтар апат қайталануы мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Оған екі күннен бері толассыз жауған жауын себеп. Таудың жоғары бөлігінде су жиналып көлшіктер пайда болған. Ал өзендерде судың ағысы сағат сайын артып келеді. Қазір елдімекендерде қалып қойған тұрғындар тік ұшақтармен қауіпсіз жерге шығарылып жатыр.
Го Сицин, Іздеу-құтқару қызметінің жетекшісі:
Бұл аймақ аса қауіпті. Су ағысының жылдамдығы секундына 6-7 метрге жетті. Осыған байланысты іздеу жұмыстарын бірнеше рет тоқтатуға тура келді. Селден кейін жоғарыдағы кез келген тас немесе топырақ опырылып түсуі мүмкін. Өте баяу қозғалып келеміз. Әсіресе құрылғыларды жеткізу қиынға соғып тұр.
Әйгерім Ермұханқызы, тілші:
Қазір іздестіру-құтқарумен қатар Қытай мен Непал шекарасындағы Гьиронг портына дейінгі жалғыз жол қайта қалпына келтіріліп жатыр. 546 адам табыла ма? Іздеу қанша уақытқа дейін жалғасады бұл жағы беймәлім. Бірақ біз апаттың мән-жайын жіті бақылауда ұстайтын боламыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы