Шымкентте 29 мыңға жуық бала алғаш рет мектепке барды
Шымкентте биыл 29 мыңға жуық бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бүгін шаһардың барлық мектебінде Білім күні аталып өтті. Алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар мен ұстаздар жаңа оқу жылына қадам басты. Салтанатты шара жайлы аймақтағы әріптесім тарқатады.
Мектеп ауласындағы мерекелік жиын Мемлекеттік Туды көтеріп, Әнұран шырқаудан басталды. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде ұстаздар мен ата-аналар шәкірттерге ақжолтай тілектерін арнады. Салтанатты шара ән мен биге ұласып, оқушылар өз өнерлерін ортаға салды.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
Болашақтарыңыз заманауи технологияны игерумен, инновацияны игерумен, жақсы білім алумен, ғылымды меңгерумен анықталатынын айтқым келеді. Яғни сіздердің болашақтарыңыз жарқын болса, Қазақстанның да келешегі кемел деген сөз.
№2 мектеп-интернатына оқушылар 7-сыныптан бастап конкурс негізінде қабылданады. Былтыр білім ордасын тәмамдаған 134 түлектің 19-ы «Алтын белгі», 16-сы үздік аттестат иеленді. Халықаралық және республикалық олимпиадаларда топ жарып жүрген шәкірттер де аз емес.
Сапарғали Сауранбаев, №2 мектеп-интернатының директоры:
Жасанды интелектіні біз әр сабақта қолданамыз. Балалардың білім сапасын арттыру үшін біз сабақтан бөлек қосымша сабақтар ұйымдастырамыз. Бізде әр мұғалімге 7-8 баладан белгілеп береміз. Сол балаларды олимпиадаға, ғылыми шығармашылыққа дайындап, оларды дамытады.
Ал 11-сынып оқушылары үшін жаңа оқу жылының жүгі де бөлек. Бұл білімін саралап, алдағы қадамын айқындайтын жауапты кезең.
Мадина Базарбай, №2 мектеп-интернатының оқушысы:
Кішкене қобалжу бар. ҰБТ-ға дайындалу бар, оның үстіне медицина бағытын таңдаймын. Қазір дайындалудамын, негізі ағылшын тілінде. Түркия немесе Германияға барып оқығым келеді. Себебі ондағы жоғары білім өзіме керекті орын деп санаймын. Әрі Қазақстанға әкелетіндей жаңалық көп.
Айта кетейік, биыл шаһардағы 1386 мектепте 405 мыңнан астам оқушы білім алады. Соңғы екі жылда қалада 13 жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. Биыл 6 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, 7 мектепке қосымша ғимарат салынды. Мегаполис бюджетінің үштен бірі білім беру саласына бағытталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы