«Келешек мектептері» жобасы аясында білім ордасы ашылды
Алматыда «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Алатау ауданындағы №231 мектеп Білім күнінде есігін айқара ашып, жаңа оқу жылын бастады. Заманауи білім беру технологияларымен жабдықталған мектепте биыл 2000-ға жуық шәкірт білім алады.
Алатау ауданы тұрғындары асыға күткен алғашқы қоңырау да соғылды. Мектеп табалдырығын енді аттаған шәкірттер үшін бұл күн білім әлеміне бастар алғашқы қадам, есте қалар ерекше сәт болды.
Бейбарыс Сәдуақас, 1-сынып оқушысы:
Мектеп қамқор анамыз.Оқып білім аламыз.Өнерпаз болып өсетін,Біз бақытты баламыз.
Салтанатты шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысып, ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Бұл білім ордасы шәкірттердің жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін заманауи инфрақұрылыммен қамтылған. Мұнда STEM зертханалары, робототехника, алғашқы әскери дайындық сыныптары, хореография залдары мен коворкинг аймақтары бар. Аспаздық, тігін және IT бағытындағы шеберханалар да қарастырылған.
Бауыржан Қазиев, қала тұрғыны:
Біздер мектептің материалдық-техникалық базасының мықты екеніне куә болып отырмыз. Мемлекет тарапынан балаларға жасалып жатқан қамқорлыққа ризамыз. Балалар да осындай жоғары ғаламдық деңгейде білім алуға мүмкіндіктері бар екеніне сенімдіміз.
Света Ахметова, №231 жалпы білім беретін мектеп директоры:
Қазіргі балалардың барлығы жасанды интеллект, яғни, кейінгі шыққан технологияларды өте жақсы көретін балалар. Сондықтан да осы «Келешек мектептер» балалардың ғылыми дамуына өте зор ықпал етеді деп ойлаймын.
Бұған дейін Алматыда ұлттық жоба аясында 24 мың оқушыға арналған 14 білім ошағы қолданысқа берілсе, осы оқу жылында 7 «Келешек мектебі» есігін айқара ашты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы