Басты Жаңалықтар ШЫҰ мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты

ШЫҰ мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты

ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға таяды. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның экономикалық әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанын жеткізді. Президент Бішкектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында бірқатар маңызды ұсыныс айтты. Мәселен, ұйымның Даму банкін құру туралы бастамаға қолдау білдіріп, оның штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыруға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын іске қосып, жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Бұл бастамалар ұйым аясындағы сауда мен инвестицияны қалай жандандырады? Бішкектегі басқосуда Мемлекет басшысы тағы қандай бастамалар көтерді?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Шанхай ынтымақтастығы ұйымы биыл ширек ғасырлық межені еңсерді. Бес елдің бірлесуінен басталған ұйым бүгінде жер-жиһан халқының жартысына жуығын қамтыған үлкен құрылымға айналды. Бастапқыдағы басты бағдар – қауіпсіздікті қызғыштай қору болса, қазір әлемді алаңдатқан әртүрлі мәселелер күн тәртібіне шығып отыр. Иә, Бішкектегі басқосу дүниедегі ахуал теңіздей тербеліп тұрған қазіргі шақта ұйым елдерінің ортақ ұстанымы мен алдағы бағытын айқындайтын маңызды алаң болмақ.
Иә, қазір әлем назары Бішкекке ауып отыр. Алатау бөктеріндегі басқосуға 18 елдің басшылары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бастаған 7 халықаралық құрылымның жетекшілері жиналған. Қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Саммит қарсаңында әуежайдан бастап шаһардағы негізгі нысандар жөнделіп, қала көркейе түскен.
Ауқымды жиынға арнайы Орталық Азиядағы ең ірі конгресс нысанның бірі - «Ырыс-Ордо» салынды. Аумағы 39 мың шаршы метр. Бір мезетте 2 мыңнан астам қонақты қабылдай алады. Алғашқы меймандардың қатарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бар.
ШЫҰ қазір әлемнің 45 пайыз халқы, яғни 3 жарым млрд-қа жуық адам тұратын ауқымды нарық. Ұйымға мүше елдерге әлемдік экономиканың үштен бірі, сауда айналымының 15 пайызы тиесілі. Мемлекет басшысы ширек ғасырда Шанхай ынтымақтастық ұйымы табысты әрі ықпалды бола түскенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әйтсе де біздің Ұйым құрылған сәттен бері әлем айтарлықтай өзгерді. Көз алдымызда халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасып жатыр. Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Онсыз ең мықты халықаралық институттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабілетінен айырылады. Осы орайда, біздің Ұйымның маңызы арта түседі.
Иә, ұйымның басты күші «Шанхай рухы» қағидатына негізделген. Оның өзегінде өзара сенім, теңдік, құрмет және ортақ мүдде жатыр.
Яң Шыңши, саяси шолушы:
Қазір әлемдегі саяси күштердің арақатынасы өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде ШЫҰ халықаралық деңгейдегі ықпалын күшейтуге ұмтылып отыр. Ұйымда барлық шешім консенсус негізінде қабылданады. Бір мемлекеттің ұстанымы өзгелерге міндеттелмеуі тиіс. Сондықтан ШЫҰ сияқты алаңдардың әлемдік саясаттағы маңызы алдағы уақытта арта түседі деп ойлаймын.
Президент қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды
Қазір әлемдегі ахуал алаңдатарлық. Таяу Шығыстағы текетірес, Батыстағы бәсеке басылар емес. Жаһандық ұйымдардың беделіне нұқсан келіп, сенімге селкеу түсіп отыр. Осы ретте Президент қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еуразия құрлығындағы стратегиялық тұрақтылық және сенім шаралары бойынша министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізу қажет деп санаймыз. Аталған іс-шараның күн тәртібінде әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселесін талқылауға болады. Әсіресе қарулы қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тысқары жерді шарпып, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энергетикалық және көлік байланыстарына нұқсан келтіріп жатқаны алаңдатады.
Сүйінбай Сүйіндіков, Халықаралық қатынастар сарапшысы:
Қауіпсіздік болған жерде инвестиция көп келеді. Инвестиция болған жерде даму болады. Және бұл үлкен нарық. Қазақстан үшін бұл көлік-логистика, азық-түлік, энергетикалық қауіпсіздік Қазақстанның алға шығарған іс-шаралары.
Президент: Сауда-экономикалық серіктестік аясын кеңейту қажет
Ұйым құрылған тұста өзара алыс-беріс 40 миллиард доллар шамасында еді. Ширек ғасырда 16 есе өсіп, биыл 720 миллиард долларға жетуі мүмкін. Ал Қазақстанның ұйым елдерімен сауда айналымы 73 млрд долларға жуықтады. Дегенмен жаңа өсім бағыттарын түзу маңызды. Осы ретте Президент ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасына қолдау білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды. Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек деп санаймыз. Пилоттық жоба ретінде индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күтпей-ақ, пісіп-жетілген жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшылары Бішкек декларациясына қол қойды
Экономика күретамыры - жол. Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстанның логистикадан пайда табуға мүмкіндігі мол. Қазір Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын тауардың 80 пайызы біздің ел арқылы өтеді. Мемлекет басшысы Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын құру ісін жеделдетуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз көлік саласындағы бастамаларды Шанхай ынтымақтастық ұйымы аумағында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрондық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи тетіктерді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Құқықтық-нормативтік базаны нығайту үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынамыз.
Бұдан бөлек Президент ұйымға мүше елдердің жетекші университеттері мен технологиялық компанияларының қатысуымен жасанды интеллект орталықтарының желісін құру бастамасын көтерді. Бірлестік отырысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы плюс форматында жалғасты. Яғни 2 бақылаушы және 15 диалог мүшесі де үстел басына жайғасты. Осы жиында да сөз алған Мемлекет басшысы бірқатар маңызды бастама көтерді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Саммит қорытындысы бойынша елдер басшылары 30-ға жуық құжатқа қол қойды. Ең сүбелісі - Бішкек декларациясы. Ал төрағалық міндеті енді Пәкістан еліне өтеді. Сондықтан саяси бірлестікке мүше 10 елдің жалауы келер жылы Исламабадта желбіремек.

Бөлісу