Басты Жаңалықтар ШҚО-да 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

ШҚО-да 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

Шығыстағы Риддер қаласында 600 орындық қазақ мектебі пайдалануға берілді. Білім ошағы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өңірдегі  ірі тау-кен компаниясы арасындағы өзара  жасасқан меморандум негізінде  салынды. Соңғы үш жылда  кеншілер шаһарында мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар №11 орыс гиманазиясымен бір ғимаратта оқып келген.

Риддерде  қазақ тілінде білім беретін мекеме 1990-жылдары жексенбілік мектеп болып ашылды. Ал 2001 жылы толық орта мектепке айналды. Алайда оқушылар үш ғимаратта бөлініп оқыды. Екі жыл бұрын іргетасы қаланған жаңа мектеп  толық аяқталып, бүгін алғашқы қоңырау соғылды.

Гүлсім Исабекова, Риддер қаласының тұрғыны:

Осы мектептің ашылуын 30 жыл күттік. Жеке мынадай керемет мектеп ашылды, күткенімізге сай. Немере-шөберелерім бәрі осы жерде оқиды.

Білім ордасын өңірдегі ірі өндірістің бірі  өз қаражатына салды. Заманауи үлгідегі мектепте оқушылар мен ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған. Ал ата-аналардың қуанышында да шек жоқ.

Сәуле Мәдиева, ардагер ұстаз:

1-сыныпқа 70 оқушы келіп отыр. Енді бұл үлкен көрсеткіш. Риддер қаласы бойынша. Және де мен сондай ризамын. Қуаныштан көзіме жас келді.

Жаңа мектептегі әр кабинет қажетті құралмен толық жабдықталды. Концерт залы мен асханасы да  ат шаптырым.

Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір оқушы терең білім алуы, жан-жақты дамуы үшін жағдай жасалуы тиіс деп біздің алдымызға нақты міндеттер қойып отыр. Сондықтан да бүгінгі күні біздің облысымызда 10 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа барып жатыр. Оның ішінде 70-ке жуығы бірінші сынып оқушылары осы «Шаңырақ» мектебіне келіп отыр.

Соңғы жылдары Риддерде қазақ тілде оқитын оқушылардың саны айтарлықтай көбейіп  келеді. Соған сәйкес мектеп те жарқырап тұр.

Бөлісу