Басты Жаңалықтар Бүгін – Білім күні

Бүгін – Білім күні

Алматыда бір мектепке бес егіз оқушы 1-сыныпқа барды

Бүгін елімізде 4 миллионнан астам оқушыға сабақ басталды. Бірінші сыныпқа барғандардың саны да жыл санап өсіп келеді. Биыл 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Биылғы оқу жылында 57 жаңа мектеп ашылды. Ал бір ғана Алматының бір мектебіне бірден бес егіз мектепке барды.

Бұл қоңыраудың үні де, сәті де ерекше. Осы қатарынан тұрған 10 баланың барлығы егіздер. Ерекше сәтті бірден аңғарған мектеп ұжымы егіздерге бірдей аспан түстес киім тіктіріп, осылай қоңырау соқтырды. Абзал, Қайсар, Әмре, Ерке, Аман, Есен, Айсель, Жанель. Айбике, Ақбике. Осы бес егіз Алматыдағы №59 мектеп-гимназиясына қабылданды. Мектеп табалдырығын бір мектепте қатар аттаған егіздердің бесеуі ұл, бесеуі қыз.

ЖИ-білім беру платформасы іске қосылды

Бүгін Жасанды интеллект-білім беру платформасы іске қосылды. Бұл - пилоттық жоба. Астананың мұғалімдері ауыл оқушыларына онлайн сабақ береді. Мақсат - ауылдағы  оқушыларға білікті педагогтерден білім алуға қолжетімділікті арттыру. Павлодар мен Қызылорда облыстарындағы 10 мектептің оқушысы бүгін тікелей эфирге қосылып, Премьер-министр орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиевтен сабақ алды. 

Астанада 33 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барды

Бүгін елімізде 380 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттаса, оның 33 мыңға жуығы елордалық балалар. Солардың бірі - Айару. Ол елордағы №81 мектеп-гимназиясының бірінші сынып оқушысы. Бұл білім шаңырағы ағылшын тілін терең оқытуға басымдық береді. Жаңа технологияларды меңгеруге де бейімделеді. Яғни баланы тек біліммен ғана емес, заманға сай дайын тұлға қалыптастыру халықаралық мектептің басты мақсаты.

Бүгін елімізде 57 жаңа мектеп ашылды

Бүгін елімізде 57 жаңа мектеп ашылды. Су жаңа білім шаңырақтары 62 мың оқушыға арналған. Жаңа мектептің бірі Жетісу облысының Рудничный ауылында пайдалануға берілді. Нысанның құрылысына қайтарылған активтер есебінен 2,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мұнда сапалы білім алуға қажеттінің бәрі бар.

Бөлісу