1 қыркүйектен бастап не өзгереді?
Декларация, төлқұжатты рәсімдеу және педагогтерді аттестаттау. Қазақстанда қыркүйектен бастап не өзгереді? Әріптесім Ақниет Балтанова шолып шықты.
Ақниет Балтанова, тілші:
Қыркүйек айында Қазақстанда бірқатар жаңа қаулы күшіне енеді. Мәселен, бүгіннен бастап педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасы іске қосылды. Ережеге сәйкес, мұғалімдер кемінде бес жылда бір рет аттестациядан өтуі тиіс. Пилоттық жобаға білімін бағалау тестінен балл жинай алмағандар мен мүлдем тапсырмағандар қатысады. Еңбек жолын енді бастаған педагогтерге жаңа ереженің қатысы жоқ.
Сондай-ақ 2–4 сынып оқушыларын бағалау тәсілі өзгереді. Ведомствоның айтуынша, бұған дейінгі БЖБ және ТЖБ бағалаулары баланың білім деңгейін дәл көрсетпеген. Енді оқушылардың білімі диктант, мазмұндама, бақылау жұмыстары арқылы тексеріледі. Сонымен қатар музыка, көркем еңбек, дене шынықтыру және цифрлық сауат пәндері бойынша да биылдан бастап баға қойылады. Бірақ бұл пәндерден бақылау жұмысы болмайды.
1 қыркүйектен, яғни бүгіннен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына паспорт рәсімдеу тәртібі өзгереді. Құжат шетелде білім алып, жұмыс істеп жүрген азаматтарға, олардың кәмелетке толмаған балаларына, сонымен қатар шетелде ұсталып, жазасын өтеп жатқан Қазақстан азаматтарына беріледі. Шетелдегі мекемелерде халықты тіркеу жүйесі қолжетімді болса, құжатты рәсімдеу мерзімі 40 жұмыс күні ішінде жүзеге асады. Ал ол жүйе болмаса, паспорт алу 90 күнге созылады.
15 қыркүйекке дейін мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, нотариус, адвокаттар мен жеке сот орындаушылары, шетелдік банкте депозиттік сыйақысы барлар және мүлікті жалға беріп, табыс табатындар декларация тапсыруы тиіс. Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін де 270-нысанды өткізу мерзімі өзгермейді. Декларацияны уақытында тапсырмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік, яғни айыппұл қарастырылған. Сұрақтар болса, кеңес алу үшін 1414 байланыс орталығына жүгінген жөн.
Автор
Ақниет Балтанова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Тасқын кезінде мектеп директоры 900 баланың өмірін сақтап қалды
01.09.2026, 20:12
Қытайда лай көшкінінен опат болғандар саны 16-ға жетті
01.09.2026, 20:10
Қытай мен Ресей бақылауындағы мұнай кеніштері АҚШ-тың қарамағына өтпек
01.09.2026, 20:09
Инфляция баяулап келеді
01.09.2026, 20:08
Көкпар мен көкбөрідегі қарсыластар белгілі болды
01.09.2026, 20:07
Бүгін – Білім күні
01.09.2026, 20:05
ШҚО-да 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді
01.09.2026, 20:05
ШЫҰ мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты
01.09.2026, 20:05