Басты Жаңалықтар Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толды

Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толды

Семей ядролық полигонының жабылғанына кеше 35 жыл толды. Ядролық сынақтардың зардабын тартқан Қазақстанның қуаты жағынан дүние жүзінде төртінші орындағы ядролық арсеналдан бас тартып, полигонды жапқаны, осы проблеманы барынша көтергені – адам өмірі, адамзаттың болашағы үшін жасалған ізгі қадам. Мағынасы зор қадам.

Біздің елдің бастамасымен 29 тамызды Біріккен Ұлттар Ұйымы Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп бекіткені белгілі. Президент кеше Үндеу жариялады.

…Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді.

…Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді.

Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.

Семейдегі Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты атом сынақтарынан зардап шеккен тұрғындарды тіркеп, радиациямен улану деңгейін зерттеп келеді. 2002 жылдан бері жүргізілген санақ нәтижесінде өңірде радиацияның әсеріне ұшыраған 375 мыңнан астам адам тіркелген. Басқа өңірлермен салыстырғанда олардың түрлі дертке шалдығу көрсеткіші жоғары.

2002 жылдан бері мұнда 706 мыңнан астам адам тексеруден өтіп, дені стационарлық ем қабылдаған. Оған қоса облыс орталығында обыр дертіне шалдыққандарды озық әдістермен емдейтін Ядролық медицина орталығы жұмыс істейді.

Кеңес Одағының озбырлығын көрсететін дәлелдің бірі осы – Семей ядролық сынақ алаңы. Тоталитарлық мемлекеттердің саясаты халқын мешеу қылады, ал бодан елдерге зардабы бірнеше есе көп. Тоталитарлық империя өлуі керек…


Бөлісу