Басты Жаңалықтар Педагогтерді аттестаттаудың жаңа жүйесі: Қандай талаптар қойылады?

Педагогтерді аттестаттаудың жаңа жүйесі: Қандай талаптар қойылады?

Аптада Мемлекет басшысы дәстүрлі Тамыз конференциясына қатысқан. Бірнеше мәселеге тоқталды. Мысалы, 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салатын заң қабылдау туралы айтты. Қытаймен бірлесіп ай-ти мектептер ашу жайлы тапсырды. Ал біздің материал, Президент айтпақшы, «Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керектігі» туралы. Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды», – деді ол. Иә, біз де мысалы, мұғалім болып жүрген курстастардан естіп жүреміз. 

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Сонымен жаңа оқу жылы да жетті. Әдеттегідей біршама өзгеріс бар. «Әдеттегідей» деп астын сызып айтуға негіз бар. Сүлейменоваға дейін 16 министр осы саланың тізгінін ұстаған екен. Әрқайсысы әртүрлі жаңалық енгізді. Тіпті, кейінгі жылдары министр ауысса, реформа күтетін күнге жеттік дейді ұстаздар.

Мейіржан Темірбек, мұғалім:

Әр министр келеді. Әрқайсысы жаңашылдығымен келеді. Әр министр келеді де осы аттестаттаудан бастайды.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Ал шын мәнінде мұғалімнің басты миссиясы қандай еді?

Саят Ыбырай, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

Негізі педагогтың мақсаты не? Баланы оқыту. Былай айтқанда, балаға білім беріп, нәтиже шығару. Оны қиындатудың қажеті жоқ деп есептеймін.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Бірақ қазіргідей технологиялар қатты дамыған уақытта қоғамның сұранысы да жылдам өзгеріп отырады. Сәйкесінше, білім жүйесі бұған лайықты жауап беруі тиіс. Дегенмен реформаның да өз реті болады. Әйтпесе, мектеп дегеніңіз сынақ жасайтын жер емес. Мұны мемлекет басшысы кешегі тамыз кеңесінде де айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұрыннан қалған теріс нәтижелер осы аса маңызды саланың тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Осы жиында Президент мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған «Өрлеу» орталығын сынға алды. Жұмысы мардымсыз деді. Енді сол орталық педагогтерді аттестаттаудың пилоттық жобасын әзірлепті. Жаңа оқу жылынан бастап жаңа талаптар күшіне енеді.

Гүлден Мұхамбетжанова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның бас маманы:
Негізгі назар педагогтың портфолясындағы материалға назар аударылатын болады. Бұл жерде оқыту сапасы, білім алушылар мен педагогтердің жетістіктеріне назар аударылады. Сондай-ақ, әріптестеріне қолдау көрсету бағаланатын болады.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Яғни, министрліктің ұстанымы – мұғалімді қағаз, тест, есеп емес, кәсіби жұмысы бойынша саралау. Қағазбастылықты азайту мақсатында қажетті мәліметтің барлығы «Ұстаз» платформасына жинақталады дейді.

Гүлден Мұхамбетжанова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның бас маманы:

Егер қажетті мәліметтердің кейбірі болмай қалған жағдайда білім беру ұйымында жауапты тұлғалар бекітілген. Сол қолымен енгізеді.

Мұғалім Мейіржан Темірбек арнайы маман болады дегенге сенбейді. Өйткені, бұған дейін білім беру ұйымдарында болған цифрлық платформаларға мұғалімдер құжаттарды өз қолымен енгізіп жүрген. Пилоттық жобада да осы үрдіс қайталана ма деп алаңдайды.

Мейіржан Темірбек, мұғалім:
Мен неге «Білім класта» немесе «Күнделік.кз» оқушыларымның білім сапасын скриншоттап неге «Ұстаз.кз»-ке жүктеу керекпін. 3 платформа өздерімен өздері келіссін. Сол жерден алсын. Цифрлық дамыған заманда мен неге қолымен енгізу керекпін?

Егер бұл жоба тиімділігін дәлелдесе, тестілеу алынып тасталады. Есесіне, аттестаттау кезеңінде мұғалім бес жыл ішінде төрт ашық сабақ өткізуі қажет. Оған 34 түрлі критерий қойылады. Педагог-модератор өз мектебінде, педагог-сарапшы аудан немесе қала деңгейінде тәжірибесін көрсетеді. Ал педагог-зерттеуші облыс, педагог-шебер республикалық деңгейде сыналады. Аттестаттау комиссиясынан жақсы баға алғандардың жалақысы да өседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Білімді әділ бағалау – білім беру жүйесінің өзегі. Бізге мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек. Бұл – өте маңызды мәселе, оны қарастырған кезде жоғары жауапкершілік пен мінсіз кәсібилік таныту қажет.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Рас, біздің елде «педагогтың мәртебесі» болғанымен, мәселесі азаймай-ақ қойды. Кәсіби қызметіне қатысты жоқ қоғамдық шараларға ұстаздарды тарту әлі де тыйылмаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:
Жалпы біліктілік арттыру процесінде тиімділігі көрінген, пайдасы тиген, «міне, мынадай нәтижеге жеттік!» деген нақты алгоритмдер де көзге түсе қоймайды.

Саят Ыбырай, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

Бір семинарға қатысатын болса, оны сабағына пайдалана білуі керек, шындығында баланың білімнің сапасын арттыруға әсерін тигізу керек. Біздегі көтеріліп жатқан дүниелер сондай мәнсіз дүниелердің көбеюінде.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Мұндай мәнсіз, мағынасыз тіршілікке жас мамандар бара қоймайды. Қазір мектептерде 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейді. Әсіресе, ауылдарда. Ал бұдан аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтық туады*.*

Мейіржан Темірбек, мұғалім:

Соңғы бес жылдың ішінде бізге бір жас маман ғана келді. 3-4 сыныптан бастап робототехника деген бөлімдер бар. Ауыл мектебіндеміз. Бізде мысалы робот жоқ. Роботсыз робот өтесіз.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Ұстаздар аңсайтын қарапайым формула мынау: Мұғалімге түсінікті талап, мектепте тұрақты жүйе, ауылға тең мүмкіндік, ал жас маманға – қолдау. Ал оның соңғы нәтижесі – есепте де, құжатта да емес, білімді әрі бәсекеге қабілетті оқушыдан көрінеді. Елге керегі де сол...
Бөлісу