Басты Жаңалықтар Елде «Таза жағалау» акциясы өтті

Елде «Таза жағалау» акциясы өтті

Елдегі өзен-көлдер мен су айдындарының жағалаулары қоқыстан тазартылды. Бүгін барлық өңірде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «Таза жағалау» экологиялық іс-шарасы өтті. Сенбілікке тұрғындар, мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілер қатысты.

Еріктілер, қала әкімдігінің өкілдері және Экология департаментінің мамандары бірігіп Сарыбұлақ өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты. Олар теміржол вокзалы маңындағы оң жағалаудан бастап, өзен бойымен жүріп, тұрмыстық қалдықтарды түгел жинап алды. 50-ге жуық адам «Таза жағалау» іс-шарасына үлестерін қосты.

Алматы қаласында игі науқанға 8 ауданнан 1740 адам қатысты. Қала бойынша 5,5 га жер тазартылып, 168 тонна қоқыс жиналды. Тұрғындар, еріктілер мен түрлі ұйым өкілдерінен жасақталған ұжым мегаполистегі өзендер мен су айдындары және сай-саланы күл-қоқыстан тазартты. «Таза жағалау» акциясына Шымкент те қосылды. Қошқар ата өзенінің бойына экологтар, еріктілер, мемлекеттік қызметшілер мен коммуналдық қызметкерлер жиналып, жағалауды тұрмыстық қалдықтан арылтты. 100-ден астам адам қураған бұтақтарды кесіп, аумақты ретке келтірді. Өзен арнасы тазаланып, 25 тонна қоқыс шығарылды.

Ал 3,5 мыңға жуық ақмолалық облыс бойынша 500 тонна қоқыс жинады. Олар, Қопа көліне құятын Қылшақты өзенінің жағалауын қоқыстан арылтты. Жалпы, 70 гектар аумақ қамтылды. Осыдан екі жыл бұрын Қылшақты өзенінің түбі 2 метрге тереңдетіліп, қамыс пен қоқыстан тазартылған еді.

Атыраулықтар да акциядан шет қалмады. Сенбілікке кәсіпорын қызметкерлері мен еріктілерден жасақталған 300-ге жуық адам қатысты. Олар «Жұмыскер» ықшам ауданы маңындағы Жайық өзенінің жағалауын ретке келтірді. Жалпы ұзындығы 10 шақырым аумақ қамтылып, 15 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін нығайтады. Айта кетейік акцияға еліміздің барлық өңірі қатысты.

Бөлісу