Басты Жаңалықтар Қазақстан БҰҰ-да Ядролық сынақтарға қарсы үн қосты

Қазақстан БҰҰ-да Ядролық сынақтарға қарсы үн қосты

Қазақстан Семей полигонының қасіретті тарихын ядролық қарусыздану жолындағы жаһандық бастамаға ұластырды. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Изуми Накамицу Нью-Йорктегі жиында айтты. Оның сөзінше, Семей полигонын жабу тарихи әрі келешек үшін маңызды шешім болды. Жиынға Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров та қатысты. Бүгін БҰҰ аумағында ағаш отырғызылып, естелік тақта ашылады. Шара ядролық сынақтардың адам мен табиғатқа тигізген зардабына назар аудармақ. Биыл Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн - Семей полигонының жабылғанына 35 жыл және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Изуми Накамицу, БҰҰ бас хатшысының орынбасары, қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкіл:

Біз Қазақстанмен берік серіктестік орнаттық. Күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қарусыздану бастамаларын дәйекті түрде қолдап, халықаралық ынтымақтастық пен экологиялық ашықтықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Алдағы уақытта адам мүддесіне негізделген қарусызданудың жаңа бағыттарын бірге ілгерілетеміз деп сенемін.
Бөлісу