Басты Жаңалықтар Балаларға әлеуметтік желіге шектеу қойылуы мүмкін

Балаларға әлеуметтік желіге шектеу қойылуы мүмкін

Енді 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін. Үкіметтің бұл бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, тиісті ұсынысты бүгін бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында тағы көтерді. Жаңа талап кімге жауапкершілік жүктейді? Жас ерекшелік қалай тексеріледі?  Назерке Өтеген зерттеп көрді.

Шектеудің мақсаты – балаларды зиянды контент пен қауіпті онлайн қарым-қатынастан сақтау, жеке мәліметтерді қорғау мәселесі тағы бар. Алайда,  желінің кері әсері интернет қауіпсіздігімен шектелмейді, ғаламтор баланың зейіні мен үлгеріміне де кері әсер етеді, дейді ұстаздар.

Данияр Ихсан, А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының мұғалімі:

Оқушы фокусын ұстауы бұл 4-5 секунд. Яғни, қызық болмаса бірден айналдырып жіберіп отырады. Осы әлеуметтік желі, ойындардың көп болуы оқушылар зейінінің шоғырлануына кәдімгідей әсер етіп жатыр. Осы әлеуметтік желіге шырмалған оқушылар қиын материалды игеру кезінде кәдімгідей қиналатыны сезіледі.

Аталған талап күшіне енсе, ережені бұзған жағдайда кім жауап береді?

Ақмарал Палмаханова, қалалық адвокаттар алқасының адвокаты:

Ең бастысы ата-аналарға қандай да бір айыппұл қарастырмай, тек онлайн платформаға тиісті міндеттемені жүктеу қажет деп есептеймін.  Аустралиядағыдай мемлекеттерде осындай 16 жасқа дейінгі шектеу қою заңдарында бірінші міндеттеме онлайн платформаларға жүктелген. Бұл жерде ата-анаға қатысты мәселе мүлде қозғалмайды.

Мамандардың айтуынша, жас шектеуін енгізумен қатар, оны айналып өтуге жол бермейтін тиімді тексеру жүйесі қажет. Себебі балалар VPN немесе жалған деректерді пайдаланып, талапты бұзуға тырысуы мүмкін. Сондықтан жеткіншектердің әлеуметтік желіге кіруіне рұқсат беру не бермеуді тек IP-адрес арқылы анықтау жеткіліксіз.

Елдос Сайлауханов, киберқауіпсіздік маманы:

Веб-сайт, платформаға, қосымшаға жазылады. Осы кезде бұл қосымша тек қана IP мекенжайға тәуелді болмауы керек. Ұлыбританиядағыдай қосымша технологиялар енгізіліп, мекенжайы, орналасуы, қай жерде, локация, аккаунттың тарихы барлығы жазылып, содан кейін қосымша жұмыс істеуі керек. Сол кезде бала VPN-ді қолданып, оны өтуі мүмкін емес.

Әлем елдерінде жасты анықтау үшін адамның жеке басын цифрлық түрде растайтын Digital ID технологиясы қолданылады. Киберқауіпсіздік маманының сөзінше, аталған технология еліміздегі eGov Mobile жүйесінде қолжетімді. Оны жасанды интеллектпен толықтыру арқылы әлеуметтік желіге тіркелетін қолданушының жасын дәлірек анықтауға болады. Бұл мақстта елімізде қандай жүйе іске қосылатыны заң қабылданғаннан кейін белгілі болады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, шектеу WhatsApp, Telegram секілді месенджерлерге қолданылмайды.


Бөлісу