Тасқын кезінде қаза тапқандар саны 300-ден асты
Непал мен Қытай шекарасында тасқын кезінде 359 адам қаза тапты. Апат кезінде жоғалып кеткендер саны мыңнан асқан. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, ізім-қайым кеткендердің көбі – шетелдік туристер. Апат жайлаған аймаққа АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Біріккен Ұлттар Ұйымы көмек жөнелтті. Өңірде тағы су тасқыны болуы мүмкін деген қауіп сейілмей отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Өткен тәулікте Непал мен қытайлық Тибет шекарасында алапат тасқын жүрді. Топан су жолындағы елді мекен мен автомобильдерді, жолдар мен егістік алқаптарын шайып өткен. Әп-сәтте талай шетелдік турист пен қонақ үйлер жоқ болды. Жергілікті тұрғындар арасында қанша адамның ізім-қайым кеткені белгісіз. Жараланып, ауруханаға түскендері қаншама.
Кешав Прасад Барал, жергілікті тұрғын:
Мен террасада отыр едім. Тасқын су жоғарғы қабаттарға дейін көтерілді. Апат бір сағаттан кейін ғана аяқталды. Әйелім лайдың астында көміліп қалды. Біз террасаға шыққандықтан аман қалдық. Тікұшақ мені 4-5 сағаттан кейін құтқарып алды.
Қазір аймақта іздеу құтқару операциялары жалғасып жатыр. Оған мыңдаған жауынгер тартылды. АҚШ-тың Геологиялық қызметінің мәліметінше, Гималай тауында ең алдымен алып мұздықтар құлап, одан жер қозғалып, зілзала қуаты 4,4 балға жеткен. Сол дүмпуден тас пен лай өзенге төгіліп, төмен қарай сел жүрген.
Непал туризм министрлігінің мәліметінше, АҚШ, Канада, Британия, Австралия, Үндістан тәрізді 20-дан астам елдің азаматтары жоғалып кеткен. Олар Тибеттегі үнділер мен буддистер пір тұтатын Кайлаш-Монсаровар тауына мінәжат етуге барғанда апатқа душар болса керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы