Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Бүгін Қытай-Непал шекарасында төпелеп жауған жаңбырдан алапат лай көшкіні болды. Соңғы мәліметке қарағанда, 384 турист жоғалып кеткен. Солардың 291-і – шетелдіктер. Кемінде 17 адамның қаза тапқаны анықталып отыр. Қытай президенті Си Цзиньпин іздеу операцияларына бар күшті жұмсап, көшкіннің қайталануына жол бермеуге тапсырма берді.

Пәкістанда Медициналық ғылыми институттың ғимараты өртеніп, жаңа туған 14 бала жантәсілім етті. Қайғылы оқиға бүгін ел астанасы Исламабадта болды. Ана мен бала денсаулығы бөлімінде жалпы алғанда 16 бөбек жатқан. Солардың біреуі ғана құтқарылды. Өрт салқындатқыш жүйесіндегі ақаудан басталса керек.

Жапония астанасы Токио дүкендерінің бірінен жалпы құны 1,2 млн доллардың 4 сағаты ұрланды. Тапа-тал түсте екі ер адам ғимараттың терезесін балтамен сындырып, 10 секундта ізін суытып үлгерген. Күдіктілердің бірі жаяу, екіншісі самокатпен қашып кетті. Қазір полиция оларды іздестіріп жатыр.

Аргентина астанасы Буэнос-Айресте тангодан Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Екі апталық фестивальде дүниежүзінің түкпір-түкпірінен 800-дей жұп өнер көрсетеді. Ал финалы қыркүйектің 1-2-сі күндері өтеді. Айта кетсек, бұл биді ХIX ғасырда Буэнос-Айрес пен Монтевидеоның жұмысшылар кварталдарында еуропалық мигранттар, африкалық құлдардың ұрпақтары және жергілікті қауымдастықтар қалыптастырған.


Бөлісу