Басты Жаңалықтар Жетісу облысында заманауи кітапхана ел игілігіне берілді

Жетісу облысында заманауи кітапхана ел игілігіне берілді

Жетісу облысының Сарыөзек ауылында жаңа кітапхана ашылды. Заманауи нысанда IT, мәжіліс және коворкинг залдары бар. Ондағы кітап қоры 50 мыңнан асады. Нысанның ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы келді. Ауылдағы ақжолтай жаңалық туралы келесі сюжеттен көрейік.

Кітапхананың ашылуына әсіресе ауыл жастары қатты қуанды. Білім ордасында 53 мыңнан астам кітап бар. Оның 25 мыңға жуығы – балалар әдебиеті. Айтпақшы, 15 мыңнан астам тұрғыны бар Сарыөзекте 5 мыңға жуық адам кітапханаға тұрақты келеді. Енді жаңа ғимарат ашылған соң кітапқұмар жандардың қатары артатыны анық дейді мамандар.

Көркем Нұрбота, оқушы:

Жаңадан кітапхана ашылғанына қуаныштымын. Себебі телефоннан таппаған ақпаратты біз осы жерден тауып аламыз. Және бұл жерде компютерлер бар.

Немербай Жангелді, Қазақстан Жазушылар одағының жетісу облыстық филиалының төрағасы:

Мынадай жаңа ғимаратта кітап оқитын жастар бар, жасамысы бар күнделікті осы жерден оқырмандарды көреміз деп отырмыз

Нысанда цифрландыру жүйесі де жолға қойылған. Өңір зиялыларының еңбектерін сканерлеп, электронды түрде сақтауға мүмкіндік бар. Жалпы облыста кітапхана ісіне басымдық беріліп келеді. Қазір облыста 150 кітапхана жұмыс істейді. Ондағы кітап  қоры 2,8 миллионға жуық. 

Самал Шаяхметова, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық кітапхана директоры:

Оқырмандарға бір оқу кеңістігі деп ғана емес кітапхананы, жалпы демалу, мәдени демалу, рухани азық алу ретінде таныстырып жатырмыз.

Сарыөзектегі жаңа кітапхананың ашылуы облыс әкімінің зиялы қауым мен жастардың кездесуіне ұласты. Жиында кітап оқу мәдениеті мен жас ұрпақ тәрбиесі сөз болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабы таныстырылды.

Бөлісу