Жалпыұлттық онлайн-марафон өтті
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Құрылтай сайлауына арнайы ұйымдастырған жалпыұлттық онлайн-телемарафон 16 сағатқа созылды. Бір эфир. Сан алуан тақырып. Ауқымды жобада сайлау процесінен бастап, елдегі ең өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Бұл «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырған онлайн-телемарафон. Мұны медиа жоба десек те, мега жоба десек те болады. Ақпарат алаңының басты тақырыбы, әрине, Құрылтай сайлауы.
Төлеген Қуанышов, қоғам қайраткері:
Саяси тұрғыдан қарайтын болсақ, парламентаризмнің жаңа сатысы деп есептеуге болады. Жаңа Қазақстан, жаңа қадам, жаңа құрылым, жаңа саяси жүйе. Оның барлығы даму деңгейімізде міндетті түрде керек.
Биылғы марафонның мазмұны мен мәні бөлек. Үш мегаполистің тыныс-тіршілігі тікелей эфирде көрсетілді. Шартараптан әріптестеріміз әр екі сағат сайын хабар таратып, шетелдегі дауыс беру нәтижелерін баяндады. Ал Touch Screen форматында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі нәтижелері ұсынылды.
Медиа шара тек сайлау барысымен шектелген жоқ. TEDx алаңында қоғамның өткір тақырыптары да қозғалды. Елдегі саяси реформаларға сарапшылар салмақты пікір айтты. Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік, заң мен тәртіп қағидаты талқыға түсті. Ал экспресс-камерада жедел сұхбаттар ұйымдастырылды.
Руслан Ибраев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының бас сарапшысы:
Саясат, экономика саласындағы өзгерістердің барлығын бір күнге сыйдырып, осындай іс-шара өткізу – бұл халықтың дұрыс шешім шығаруына маңызды қадам деген жеке пікірім.
Марафон барысында «Қарқынды құрылыс» жобасы ұсынылды. Өңірдегі тілшілер құрылыс нысандарынан арнайы хабар таратты. Бұдан бөлек, әр салада жетістікке жеткен тұлғалар медиа алаңның төрінен табылды.
Жалпыұлттық онлайн-марафонның трансляциясы 38 YouTube-арнада көрсетіліп, елдің әр түкпіріндегі көрерменге жетті. Бүгінгі эфир аяқталғанымен, марафон барысында қозғалған мәселелер маңызын жоғалтпайды. Ал түйткілді тұстарды шешу жаңадан жасақталатын Құрылтай депутаттарына жүктелмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы