Басты Жаңалықтар Еріктілер елге қызмет етеді

Еріктілер елге қызмет етеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық волонтер жылы деп жариялады. Бұл ИДЕЯНЫ 60-тан астам мемлекет қолдаған. Қазақстанда да волонтерлік қозғалыстың қанаты кеңейіп келеді. Бүгінде олардың саны 300 мыңға жуықтады.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Волонтерлер форумы. Тұңғыш рет жақсылыққа жаны құмар жандар Астанада жиылды.  Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бастамасы. Өйткені, кең жүректі жандарда ешқандай шекара жоқ, болмайды да.

Манучехр Мирсаидов, волонтер, Тәжікстан:

Осындай ірі форумдарға қатысу – әрбір жас үшін үлкен мәртебе деп ойлаймын. Бұл форум бізге, жастарға, түрлі ұлттар мен мемлекеттер арасында өзара түсіністік пен достықты нығайтуға жол ашады.

Еріктілердің еңбегі – жұртқа жігер беріп, қоғамды жақсылыққа жетелейді. Тілеулестік! Қамқорлық! Бірлік пен мейірімділік сынды мызғымас құндылықтар қуатты күш.

Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысы соның жарқын мысалы. Қаншама көлдер, жап-жасыл белдер күл-қоқыстан тазарды. Көшеттер көктеп, табиғат қайта түледі.   

Алтынбек Әлібаев, волонтер:

Қазақ халқында волонтерлік о бастан бар десек болады. Асарлатып, қайырымдылық сынды үлкен жұмыстар бар. Осының барлығы волонтерлік. Ол жерде ешкімді міндеттемейді.

Бұған дейін «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданып, мәртебесі Конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл – елге қызмет етуді мақсат еткен жандарды біріктірген ең маңызды қадам болды. Ендігі меже жұрт болып жұмылып, жақСылыққа жарасу.


Бөлісу