Басты Жаңалықтар Бүгін Құрылтай сайлауына орай жалпыұлттық онлайн-марафон өтіп жатыр

Бүгін Құрылтай сайлауына орай жалпыұлттық онлайн-марафон өтіп жатыр

Бүгін «Қазмедиа орталығында» «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Қазақстанның жаңа дәуірі» атты жалпыұлттық онлайн-марафоны өтіп жатыр. Қазір телемарафонның үшінші блогы басталды. Әріптесім Жайна Сламбек, «Еңбек» адамы тақырыбында сала мамандарымен сұхбат құруда. Ендеше кезек берейік:

Таңғы сағат 9:00-де басталған марафон түнгі 00:30-ға дейін жалғасады. Күні бойы еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына қатысты өзекті тақырыптар талқыланады.

Бағдарламада «Халықтық Конституция», «Заң және тәртіп», «Тәуелсіздікке – 35 жыл», «Қарқынды құрылыс», «Цифрлы Қазақстан», «Құрылтай», «Әділетті Қазақстан» секілді тақырыптарға арналған ток-шоулар бар.

Сонымен қатар марафон барысында Орталық сайлау комиссиясының брифингтері, сарапшылармен сұхбаттар, музыкалық нөмірлер, викториналар, өңірлерден және шетелдегі дауыс беру учаскелерінен тікелей қосылымдар ұйымдастырылуда.

Марафонның басты ерекшелігі - елдегі маңызды өзгерістер мен азаматтардың белсенділігін бір алаңда көрсету. Эфирде білім, ғылым, медицинадағы жасанды интеллект, спорт, экология, мәдениет және цифрландыру мәселелері де қамтылады.

Ал дәл қазір марафонның үшінші блогы басталды. Бұл бөлімде қоғамның түрлі саласына қатысты маңызды тақырыптар талқыланып жатыр. Сондай-ақ марафон қонақтары ретінде дубляж режиссері Шахмұрат Ордабаев пен актер Заңғар Әбенов қазақ тіліндегі дубляждың дамуы және оған деген сұраныстың артуы туралы әңгімелейді.

Ал Алматыдан тікелей қосылатын SKY студиясында бұқаралық спорттың дамуы сөз болады.

Бұдан бөлек, эфирде Орталық сайлау комиссиясының брифингі, музыкалық нөмірлер, статистикалық көрсеткіштер және шетелдегі дауыс беру барысынан тікелей қосылымдар да бар.

Ал кешкі бөлімде Құрылтайдың өкілеттігі, оның саяси жүйедегі орны және халық мүддесін қорғаудағы рөлі талқыланады.

«Қазақстанның жаңа дәуірі» марафоны -  елдің бүгінгі тынысын, қоғамдағы өзгерістерді және болашаққа бағытталған бастамаларды бір күн бойы тікелей эфирде көрсететін ауқымды жоба.


Бөлісу