Басты Жаңалықтар Протондық терапия – қатерлі ісікті емдеудегі жаңа әдіс

Протондық терапия – қатерлі ісікті емдеудегі жаңа әдіс

Енді қатерлі ісікке ем іздеп, шетел асудың қажеті жоқ. Дертті емдеудің заманауи әдісі – протондық терапия елімізде де қолжетімді. Орталық Азияда тек Қазақстанда қолданылатын инновациялық технологияның ерекшеліктері жайлы Назерке Өтеген тарқатады.

Протондық терапия – қатерлі ісікті сәулемен емдеудің заманауи әдісі. Қазақстанда бұл технология былтыр  Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық базасында іске қосылды. Мұндай инновация әлемнің 25 елінде ғана қолданылады. Орталық Азия бойынша әзірге тек Қазақстанда қолжетімді. 

Алуа Қанатқызы, Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының протондық терапия бойынша аға медициналық физигі:

Негізінде бұл технологияны енгізу өте қиын болып есептеледі. Сол үшін бізге бір жылдан астам уақыт кетті. Мысалы, 2025 жылы 3 ай бойы бізбен бірге Оңтүстік Кореяның Ұлттық онкология орталығынан мамандар келіп, бірінші пациентті алды, терапияны бірге іске асырдық.

Өзге әдістерден ерекшелігі – протондар ісікке дәл бағытталады. Айналасындағы сау ағзаларға әсері аз. Бұл әсіресе ми ісігі мен балалардағы онкологиялық ауруларды емдеуде маңызды. Орталықта процедураға арналған екі бөлме бар. Мұнда әр науқасқа жеке емдеу тәсілі таңдалады. Құны қымбат болғанымен, қазақстандықтарға протондық терапия мемлекет есебінен тегін көрсетіледі.

Нұржанар Мағзұмқызы, қала тұрғыны:

Орталықтың ашылып жатқаны өте жақсы. Өйткені ем қабылдайтын адамдар өте көп. Күнде келеміз ғой, мысалы. Аптасына бес күн. Мынаның ішінде жақсы бәрі.

Бұған дейін қатерлі ісіктен арылу үшін пациенттер Еуропа, Қытай мен Оңтүстік Кореяға баратын. Қазір 150-ден астам қазақстандық әлемдік деңгейдегі емнің шарапатын елімізде көріп отыр. Оның 5-уі бала.

Бөлісу