Басты Жаңалықтар 308 жасанды интеллект агенті әзірленіп жатыр

308 жасанды интеллект агенті әзірленіп жатыр

Елде азаматтарға да, мемлекеттік қызметшілерге де бағдарланған 308 жасанды интеллект агенті әзірленіп жатыр. Осындай кешенде жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орында, ал ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Ендігі меже - Ұлттық жасанды интеллект платформасын құру. Бұл ЖИ агенттерін әзірлеу және енгізуге арналған бірыңғай технологиялық орта. Платформа қазірдің өзінде 120-дан астам үкіметтік дерекқорлармен біріктірілген. 50-ден астам ЖИ агенттері жұмыс істейді, ал пайдаланушылар саны 20 мыңға жетті. Ай сайын қолданушылар саны шамамен 20 пайызға өсіп келеді. «Болашақ бейнесі: нәтижеден жаңа стратегияға дейін» атты National Think Tank Forumында елдің даму бағдарды жан-жақты талқыланды.  Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун Қазақстан БҰҰ онлайн қызметтер индексінде алғашқы 10 елдің қатарына енгенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміз іс жүзінде цифрлық агенттер фабрикасын құрып жатыр. Бүгінде Қазақстанда азаматтарға да, мемлекеттік қызметшілерге де бағдарланған 308 ЖИ агенті әзірленуде. Мұндай іргелі істерді БҰҰ-да жоғары бағалап отыр.

Катаржина Вавьерниа, Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасының тұрақты өкілі:
Қазақстанда білім алуға мүмкіндік берілген азаматтардың үлесі жоғары деңгейге жетті. Интернет пен цифрлық технологиялардың қолжетімділігі артып, мемлекеттік қызметтердің көбі электронды форматқа көшіріліп жатыр. Экономикада заманауи технологияларға негізделген өндірістердің үлесі де өсіп келеді. Елдегі өзгерістердің тағы бір маңызды бағыты – жаңартылатын энергия көздерін дамыту. Олардың үлесі екі еседен астам өсіп, электр энергиясының жалпы өндірісіндегі көрсеткіші 7 пайызға жетті.
Тағы бір маңызды үрдіс – қазақстандықтардың 60 пайыздан астамы жасанды интеллектіні елдің негізгі салаларына кеңінен енгізуді қолдайды. Тиісінше ЖИ студенттер, мұғалімдер және зерттеушілер үшін негізгі құзыреттілікке айналып жатыр. 
Саясат Нұрбек, Ғылым және жоғары білім министрі:
Қазіргі таңда ЖИ өте үлкен күш. Ол күштен біз қаша алмаймыз. Жасанды интеллект университеті ашылады. Жаңа модель бойынша жасанды интеллект саласын зерттейтін, жаңа тұрпаттты оқу орны ашылады.


Бөлісу