Басты Жаңалықтар Калифорния тұрғындары Meta компаниясына қарсы шеру өткізді

Калифорния тұрғындары Meta компаниясына қарсы шеру өткізді

АҚШ-та Facebook пен Instagram платформаларының иесі - Meta-ға қарсы сот процесі жалғасып жатыр. Шағымданушы тарап аталған компания пайда табу үшін өскелең ұрпақты әлеуметтік желіге әдейі тәуелді етіп отыр. Осының салдарынан жастар күйзеліске ұшырады деп айыптайды. Екінші тарап мұнымен келіспейді.

АҚШ-та әлеуметтік желінің зияны туралы ең ірі сот процесі Калифорния штатының Окленд қаласында өтіп жатыр. 29 штаттан адвокаттар түсірген шағымға қарағанда, Марк Цукербергтің Meta компаниясы миллиондаған баланы Facebook пен Instagram-ға әдейі тәуелді еткен. Арызданушылардың сөзінше, Meta балаларды смартфонға мейлінше ұзақ телмірту үшін видеороликтерді бірінен соң бірін көру және push-хабарлама функцияларын енгізді.  Meta 13-ке толмаған жеткіншектер туралы мәлімет жинаумен де айналысқан. Бұған ашынған бір топ ана сот ғимараты алдында жиналды. Қолдарында - желінің құрбанына айналған 369 жасөспірімнің аты жазылған плакат. Бұл балалардың кейбірі ересектердің сексуалдық шантажына төзе алмай өзіне қол жұмсаған.

Шэннон Хикок, Калифорния штатының тұрғыны:

Баламның тынысы тарылып бара жатқанын көргенде есімнен танып қала жаздадым. Оның тағдырмен күресте жеңіліске ұшырағанына куәмін. Бұл сәтті інілеріне көрсеткім келмеді. Бірақ олар қазір бәрін біледі ғой.

Эрин Пополо, Калифорния штатының тұрғыны:

Мен Эммиімді жүрегімде әр күннің әр секундында сақтаймын. Қызым үшін, Meta өмірін құртқан әрбір отбасы үшін күресемін. Біз адамнан бас пайданы жоғары қоятындарды жауапқа тартуға тиіспіз.

Технологиялық компания болса, тағылған кінәні жоққа шығарып, пайда табу үшін өскелең ұрпақты желіге қасақана байламағанын, 13-ке толмаған миллионға жуық баланың аккаунтын жапқанын мәлімдеп отыр. Сонымен қатар Meta өкілдерінің сөзінше, жасөспірімдердің әлеуметтік желіні қолдануы мен олардың психикалық жағдайының нашарлауы арасында айқын байланыс бар екеніне ғылыми дәлел жоқ.

Болжамдарға қарағанда, айыбы дәлелденсе, Meta компаниясы 1,4 триллион доллар айыппұл төлеуі тиіс. Бұл – оның нарықтағы құнына пара-пар сома.

Тағы бір айта кететін жайт – сот процесі алты аптаға созылып, онда Цукербергтің өзінен де жауап алынуы мүмкін.

Бөлісу