Басты Жаңалықтар Елімізде алимент төлемей жүргендердің қарызы 18 млрд теңгеден асқан

Елімізде алимент төлемей жүргендердің қарызы 18 млрд теңгеден асқан

25 тамыздан бастап алимент арнайы банк шотына аударылады. Мақсат – алиментке арналған ақшаның тек алимент алушы балаға немесе еңбекке қабілетсіз адамға жұмсалуына ықпалдасу. Әділет министрлігі арнайы шоттың болмауы алимент төлеушіні міндетінен босатпайтынын ескертті. Алайда алимент алушы арнайы шотты ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аудару мүмкін болмайды.

Бұл тақырыпты неге алдық? Білесіз бе, бізде алимент қарызы 18 млрд теңгеден асқан. Қасарысып төлемейтіндер де, қалай болатынын әу баста ойламай, енді басы қатып жүргендер де бар. Және алиментті төлемейтін негізінен ер кісілер екені белгілі. Себебі балалар көп жағдайда анасымен қалады.

Мәселенің екінші қыры – баланы отбасынан кеткен ата-анаға қарсы қою әрекеті. Бұл да қоғамда бар мәселе. Әрине, ажырасу себептері әртүрлі. Біріктіріп, бір ракурстан қарауға болмайды. Бірақ түптеп келгенде, таразы басын жауапкершілік пен бала саулығын ойлаудан гөрі реніш пен ашудың шырмауынан шыға алмау, кектену басып кететін сияқты. Алайда қайталап айтамыз және білеміз – ажырасу фактілері «мінезіміз үйлеспеді» деген кеңестік кезекші жауапқа сыймайды әрі зорлықшыл күйеуінен зорға құтылған әйелдер аз емес. Құтылмағандар мен құтыла алмай отырғандар туралы әңгіме тіпті терең...

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

«Алимент – қарыз емес, парыз!» Бірақ парызына пысқырып та қарамайтын адамдар бар. Әділет министрлігінің мәліметінше, олардың саны 12 мың. Бұлар баласына бақыр тиын бермегендер. Берешек 18 млрд теңгенің үстінде. Мұның өзі шынайы картинаны көрсетпейді. Өйткені, өндірісте 288 мыңдай іс жатыр. Борышкерлердің дені – ерлер. 7 мыңнан астам әйел бар. Мұнда да проблема көп. Ендеше, саланың солқылдақ тұсы қандай? Айтайық...

Есім-сойын атамауды, бет-жүзін көрсетпеуді сұраған кейіпкермен кездестік. Жолдасымен дәм-тұзы жараспай, бір баламен ажырасқан.

Мұндай мысалдар көп. Тараптарды тыңдасаң, барлығы өз пікірін барынша қорғап бағады. Борышкерлер бұрынғы жұбайын кінәлап, алимент қаржысын қадағалау керек дейді. Себебі сенбестік бар.

Мира Құдабаева, педагог-психолог:

Ол балаға жұмсамайды, өзіне жұмсап қояды дейді. Ана ғой ол. Баланың болашағына жұмсап жатқан шығар деген түсінікпен қайда жұмсаса да, ер-азамат болғаннан кейін, әке болғаннан кейін ол бұдан қашпаса деймін.

Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Бізде айырылысу мәдениеті жоқ. Айырылысқан күні барлығын бөліседі. Дүние-мүлікті бөледі де екі жаққа кетіп қалады. Ол дұрыс емес. Алименттен басқа да балаға беретін заттар көп.

Бұл тым нәзік тақырып. Бірақ жараны жасыруға болмас. Борышкерлер ішінде қарызын өтейтіндер де, керісінше, қасарысып қалатындар да бар. Ал мұндай мәселе неден туады?

Дәулет Керімбеков, адвокат:

Сотпен бекітілген бала-шағамен кездесу уақытын олар бала-шағасын көрсетпейді. Сол себепті бала-шағасын көрмегендіктен, ақша-қаражаттарын төлемейді.

Мира Құдабаева, педагог-психолог:

Қандай болмасын, мейлі әкесі лудоман болсын, мейлі әкесі маскүнем болсын, бәрібір бала ата-анасын теңдей жақсы көреді. Қалай бар, солай. Өйткені табиғат солай жаратқан.

Бала жарытып тамақ ішпесе, жайраңдап күлмесе, жарқырап киінбесе, мұнда не мағына бар? Қарыздың қамытын кигендерге алимент те кәдімгідей қолдау. Мысалы, қыр астында қыркүйек қарап тұр. Баланы сабаққа дайындау да қып-қызыл ақша.

Дәурен Дидарбеков, Астана қаласының Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

Менің бір таңғалатыным, алимент берешегі бола тұра, заңгерлер жалдайды. Пәленбай ақша төлеп. Заңгерлер тегін жұмыс істемейді ғой. Мен өзімнің құқығымды қорғау керек дейді. Ол жерде құқықтан бұрын баланың мәселесі ғой деймін.

Енді 25 тамыздан бастап алименттерді аударудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізіледі. Бұдан былай ақша тек арнайы шотқа түседі. Алимент алушылар екінші деңгейдегі банктерден арнайы шот ашып, реквизиттерін сот орындаушысына ұсынуы тиіс. Ал алимент бойынша берешек сақталып, есептеле береді. Министрлік мұны былай түсіндіреді.

Гаухар Досжанова, ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындау комитетінің басқарма басшысы:

Азаматтың банк алдында, микро ұйымдардың алдында қарызы бар болса, онда алименттік қаражаттар сол қарызды төлеуге жұмсалып кетуі мүмкін. Себебі олар арнайы шотта болмаған. Қазіргі уақытта қорғау тәсілдерін күшейттік деп айтуға болады.

Яғни, енді қаржы ұйымдары арнайы шоттан алимент қаржысын шешіп ала алмайды. Бірақ алимент өндіру бойынша мәселе мұнымен бітпейді. Сарапшылар сөзінше, қолданыстағы заңнама әбден ескірген және нарықтық сұранысқа сай келмейді. Мәселен, жұмыссыз адамның алимент бойынша берешегі Қазақстандағы орташа айлық жалақы негізінде есептеледі. Қазір ол – 461 486 теңге.

Дәурен Дидарбеков, Астана қаласының Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

Енді өзіңіз ойлаңыз: борышкер өзі жұмыс істемейді. Бірақ қарыз есептеледі. Ай сайын 200 мың теңге, не болмаса 100 мың теңге. Ол ай сайын өсе береді, өсе береді. Борышкердің атында мүлік жоқ, шот бұғаталған, жүргізуші куәлігі жоқ. Осы тұста мен АЕК көлемінде өндірілу керек деп ойлаймын.

Иә, сот орындаушылары алиментті мәжбүрлеп өндіріп алады. Бірақ құрығы жетпейтін жерлер де бар. Мысалы, борышкерлер төлемді азайту үшін жұмыс берушімен келісіп, ресми түрде төмен жалақы көрсетіп, алиментті сол сомадан есептетеді.

Дәурен Дидарбеков, Астана қаласының Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

«85 мың теңге айлық алады. Мен білем, одан да көп алады», – дейді. Ал ол қалған ақшаны қолма-қол алып тұр ғой. Ал біз айлық төлейтін күні қасында отырмаймыз ғой. Мына жақта оның счетын бұғаттамасаңыз, мына жақта үш бала алиментін ала алмай отыр, шотты бұғаттасаңыз, мына кісіге жұмыс істеуіне, күнкөрісіне кедергі жасап жатырмыз.

Гаухар Досжанова, ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындау комитетінің басқарма басшысы:

Борышкерлер өздерінің қосымша табыс көзін емес, тіпті жалақысын көрсетпейтін кісілер көбейіп келе жатыр. Көп жағдайда сот орындаушы жасаған әрекетін әрі қарай алып кететін мемлекеттік органдар немесе ұйымдар жұмыс жасамай жатады. Борышкерге көмектесуші адам көп. Сол адамдардың санасын көтермейінше, бұл мәселе қашан шешілетінін білмеймін.

Мәселені шешу жолы – мемлекеттік алимент қорын құру. Бұл бастама бұған дейін бірнеше рет көтерілген. Бірақ Үкіметтен бұған қатысты нақты шешім болған жоқ.

Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Бір балаға отбасы ғана емес, мемлекет те жауапты ғой. Алимент төлеуші уақытында төлемейтін болса, сол уақытта мемлекет төлейді. Уақыты келгенде мемлекет алимент төлеушіден сол ақшаны өндіріп алады. Бұл жерден не ұтамыз? Алимент алатын бала, отбасы уақытылы қаржатын алып отырады.

Жуырда Көкшетау университетінің ақылы бөліміне оқуға түскен қыз сот арқылы әкесінен алимент өндіріп алды. Бұл оның моральдық та, материалдық та құқығы. Соңғысы уақыт өте реттелетіні сөзсіз. Бірақ баланың бойында жылдар бойы жиналған ыза мен өкпені жазудың жолы бар ма?

Мира Құдабаева, педагог-психолог:

Әкең жаман, әкең ішіп кеткендіктен, не анаңның осындай әрекеттерінен ажырасуға мәжбүр болдық деген әңгімені балаға айтудың ең бірінші зақымы кімге тиеді? Балаға! Баланың бойында ең бірінші сенімсіздік пайда болады. Мені туған әке-шешем жаман болса, мен де жаманмын деген ұғым бейсаналы түрде қалыптасуы мүмкін.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Бұл таразының екі басында – баланың өміріндегі ең маңызды екі адам тұр. Ол – әке мен ана. Заң алдында да, ар алдында да, бала алдында жауапкершілік теңдей. Ата-ананың бір-біріне деген өкпе мен реніш баланың көзіндегі осынау тепе-теңдікті бұзбауы керек. Иә, кінәні кешіруге де, өкпені өшіруге де болады. Дегенмен, ересектер ерегісіп жүргенде жоғалтатын бір-ақ нәрсе бар. Ол – уақыт! Осы уақытпен баланың балалық шағы өтіп кетеді. Сосын ызақор, ешкімді сыйламайтын, тіпті өзін қор санайтын жастарды көрсек, «Қайдан шыққан?» деп бас шайқап жатамыз…


Бөлісу