«Shaiqas-2026»: Ұлттық әскери-инженерлік чемпионаты өтіп жатыр
Ақмола облысында Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен алғаш рет «Shaiqas-2026» ұлттық әскери-инженерлік чемпионаты өтіп жатыр. Оған күштік құрылымдардың қызметкерлері, азаматтық және әскери институт студенттері, сонымен қатар әскери техника шығаратын отандық өнеркәсіп ошақтарының жас инженерлері қатысуда. Толығырақ Бибінұр Әмірханқызының бейнематериалында.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Республикалық чемпионат Щучинскідегі әскери колледждің оқу-жаттығу алаңында өтіп жатыр. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген 17 команда 250-ден астам азамат бақ сынауда. Айта кетейік, олар 100 команданың ішінен іріктелген кіл мықтылар. Чемпионат 4 бағытта өтіп жатыр. Ол әуе және жерүсті жүйелері, кибертехнология және тактикалық жарыстар. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры - 20 млн теңге.
Чемпионатта инженерлер мен болашақ офицерлер бірігіп, әскери техниканы барынша әмбебап етуге тырысқан. Мәселен, Аспандияр Түсіпов - жобалаушы-инженер. Ол танкке қарсы миналарды тасымалдайтын робот құрастырған. Оны 5 шақырым жерден басқаруға болады, - дейді. Ал артықшылығы - өзін-өзі қорғай алады.
Аспандияр Түсіпов, жобалаушы-инженер:
Бұл роботтың атын «Сотқар» - «Хулиган» деп қойдық. Мақсаты танкіге қарсы мина - ПМ 62-ні оператор қай жерге апарады, сол жерге жеткізу. 3 танкіге қарсы мина апара алады. Камерамен жабдықталған, яғни оператор танкінің өзінде отырғандай басқарып көреді.
Чемпионатқа қатысушылар ұшқышсыз басқарылатын құрылғы – дрондарды құрастырып, оларды әуеге көтеріп қана қоймай, түрлі кедергілерден өткізді. Осылайша, құрылғыларын инженерлік тұрғыдан ұтымдылығы бойынша сынады. Сондай-ақ өздері де әскери-тактикалық сынақтардан өтті.
Ерасыл Жанат, С. Нұрмағамбетов атындағы әскери институтының курсанты:
Өзіміз тактикалық бағытынан жарысқа дайындалып келдік. Өте жоғары деңгейде дайындалып келдік және өте жақсы деген нәтижелер көрсеттік. «Shaiqas-2026» жарысында әр түрлі дрондар, заманауи соғыс түріне пайдаланатын БПЛА дрондар, впиби дрондар соларды көріп жатырмыз.
Киберқауіпсіздік те чемпионаттың басты бағыттарының бірі. Мұнда IТ-саласының үздіктері кибершабуылға төтеп беріп қана қоймай, дрондарды ұстап, жою, роботтарды тоқтату сияқты тапсырмаларды орындады.
Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
Қыркүйек айында «Батыл тойтарыс» жаттығуы көзделген, осы жүлдегерлер жаңа технологияларды әскерге енгізеді. Біз жаңа жас буын мамандарды әскерге керек жаттығуларды беріп, содан үздік шешімдерді таңдап аламыз, бұдан бөлек үздік инженерлерді әскери қызметке шақырамыз.
Чемпионаттың негізгі мақсаты үздік инженерлерді анықтап, қарулы күштерге тың технологияларды енгізу. Сондықтан жүлде қоры да қомақты. Мәселен, үздік деп танылған командаға 10 млн теңге тағайындалған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы