Үгіт-насихат науқанының аяқталуына 1 апта қалды
Келер аптаның жексенбісінде елімізде тұңыш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Ал үгіт-насихат науқанының аяталуына 1-ақ апта уақыт қалды. Осы орайда саяси додаға қатысатын партиялардың белсенділігі күшейе түсті. Кандидаттар өңір-өңірді аралап, тұрғындарға сайлауалды бағдарламаларын түсіндіріп, еңбек ұжымдарымен жүздесіп жүр.
«Әділет» партиясының кандидаттары Алматыдағы отандық автоөнеркәсіптің флагманы атанған жетекші кәсіпорынның ұжымымен кездесті. Әңгіме барысында компания қызметкерлері маман даярлау және автокомпоненттер шығаратын отандық өндірушілерді қолдау мәселелерін көтерді. Үгіт-насихат жұмысы кәсіпкерлер форумымен жалғасты. Оған елдің барлық өңірінен 800-ден астам адам қатысты. Жиында жекеменшік мүлікті қорғау, шикізатты терең өңдеу, бизнеске тұрақты әрі түсінікті жағдай жасау және өсім әлеуеті бар кәсіпорындарға нақты қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Жаңа Конституция экономика үшін бағдарды айқындап берді. Кәсіпкерлер үшін бұл қағидаттар тек заң жүзінде ғана емес, сонымен қатар, әрбір мемлекеттік органның шешімінде нақты жүзеге асуы тиіс.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесті. Іс-шара барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, жиналғандардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Мұндай кездесулер басқа да елді мекендерде өтпек. Ал Астанада саяси ұйымның ұйымдастыруымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен мүлік иелері бірлестеріктерінің қызметіне арналған форум өтті. Жиында тарифтердің ашықтығы, коммуналдық қызметтердің сапасы және көппәтерлі тұрғын үйлерді тиімді басқару мәселелері сөз болды.
Аслан Құлмағамбетов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша сараптамалық кеңес ашқанымызға екі жылдай уақыт болды. Кеңес құрамына лифт шаруашылығы, құрылыс және инженерлік салалардың білікті мамандары кіреді. Жиында көпқабатты үй төрағаларының алдында туындайтын мәселелер қаралды.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Қазақ орман орналастыру кәсіпорнының мамандарымен кездесті. Олар ұйымның жұмыс барысымен танысты. Сонымен қатар, қызметкерлермен сала туралы пікір алмасты. Кездесуде ормандардың жай-күйі, жасыл аумақтарды кеңейту және саладағы мәселелер талқыланды. Соның ішінде ұзақ уақыт далалық іссапарда жүретін мамандардың еңбек жағдайы сөз болды. Қатысушылар заңнаманы жетілдіру және жекеменшік орман қорын дамыту жайына да тоқталды. Партия мүшелері сайлауалды бағдарламаға енгізілген бастамаларын түсіндірді. Ал кәсіпорын қызметкерлері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Алма Қараш, «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Бұл кәсіпорындағы қызметкерлердің көпшілігі – алматылықтар. Оларды қазір қаланың экологиялық мәселелері алаңдатады. Себебі бәріміз бір ауамен тыныстаймыз. Кептелісте бірге тұрамыз. Маған әсіресе ұжымдағы жас мамандардың пластик қалдықтарға алаңдайтыны қызық болды. Олар орман саласына қатысты сұрақтарды ғана емес, осы пластик мәселесін де шешуді айтып отыр.
Шымкентте «Ауыл» партиясының өкілдері мұнай-логистика компаниясының ұжымымен кездесу өткізді. Аталмыш кәсіпорын өңірдегі зауыт өнімін теміржол арқылы үздіксіз тасымалдауға жауапты. Сапар барысында депутаттыққа кандидаттар өндіріс ошағының жұмыс барысымен танысты. Артынша сала мамандарымен басқосу ұйымдастырылып, логистиканың бүгінгі ахуалы мен инфрақұрылымын дамыту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ қатысушылар тасымал тиімділігін арттыру жолдарын жан-жақты талқылады. Шара соңында жұмысшылар көкейдегі сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Талғат Айтбаев, «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Ауылымызға келгендей деп айтуға болады. Келдік, үгіт насихатты төрағаның өзі де көрсетті, бүкіл Қазақстанда болып жатқан шаралардың барлығының нәтижесін көрдік. Белгіленген сайлауға дайындық, сайлауалды бағдарламамен елді таныстыру. Қорытындылай келе біз осындай үлкен мекемелерге де келіп жатырмыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы