Басты Жаңалықтар Аида Балаева балалардың білімі мен жазғы демалысы мәселелері бойынша кеңес өткізді

Аида Балаева балалардың білімі мен жазғы демалысы мәселелері бойынша кеңес өткізді

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен кеңес өтті. Жиында жаңа оқу жылына дайындық және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балаларға көрсетілетін әлеуметтік көмек пен оқушыларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету туралы баяндады. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық өңірде жүргізіліп жатыр. Аида Балаева ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жоспарланған шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ негізгі міндеттер қатарында мектептерді қажетті ресурстармен уақытылы жабдықтау, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көмек көрсету мәселелерін атады. Кеңесте балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шаралары, қауіпсіздік жайы да қозғалды. Биыл 17 мың 800 бала басқа өңірлердегі сауықтыру орталықтарына жіберілген. Оның 6 мыңға жуығы – ауыл балалары. Вице-премьер демалыс орындарындағы тамақтану сапасы, балаларды тасымалдау тәртібі, санитарлық және өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ су айдындарындағы қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керектігін айтты. Жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын күшейтіп, балалардың қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық жұмысты жандандыруды тапсырды. Жиын соңында Аида Балаева биылғы жұмыстарға қорытынды талдау жасап, алдағы жылы кемшіліктерді түзетуді ескертті.


 


Бөлісу