Басты Жаңалықтар Елімізде туберкулез көрсеткіші 10 жылда 51,7%-ға төмендеді

Елімізде туберкулез көрсеткіші 10 жылда 51,7%-ға төмендеді

Елімізде туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай жыл сайын жақсарып келеді. Кейінгі 10 жылда аурудың таралуы 51,7, ал өлім-жітім 73 пайызға азайған. Бұл – алдын алу шаралары мен ерте диагностика жасаудың және заманауи емдеу тәсілдерінің жемісі. Елімізде құрт ауруын азайту үшін қандай озық әдістер қолданылады? Соңғы үлгідегі препараттар сырқатты қанша уақытта емдейді? Назерке Өтеген айтады.

Молекулалық-генетикалық әдіс. Қазір құрт ауруын азайтудағы ең озық тәсіл осы. Адам ағзасында туберкулездің бар-жоғын 2 сағатта анықтайды. Заманауи технологияның игілігін көргендердің бірі Назира Ербаева. Ол 3 жыл бойы табылмаған дертінің диагнозын жедел анықтап, шұғыл емге көшкеніне қуанады.

Назира Ербаева, қала тұрғыны:

2022 жылдан бастап мен ауыра бастадым. Бірақ маған нақты диагноз қоя алмады. 2-3 жылда емделетін қазір заманауи әдістермен 1 жылда, 8 айда емделіп шыға алады. Менің оған көзім жетті.

Алмас Құлмұқанбетұлы, қалалық фтизиопульмонология орталығы өкпеден тыс хирургия бөлімінің хирург дәрігері:

Бұл әдісті медициналық тілде GeneXpert деп атаймыз. ҚР-да 2012 жылдан бастап қолданыла бастады. Туберкулезбен ауырған науқастың туған-туысқандары, қарым қатынас болған адамдарды алдын алу, тексеру мақсатында өте ыңғайлы әдіс болып саналады.

Бүгінде туберкулезге қарсы иньекциялар мүлдем қолданылмайды. Дәрілердің басым бөлігі таблетка түрінде шығарылады. Бұл ауруды емдеу мерзімін едәуір қысқартты. Нақтылай түссек, қазір дәріге сезімтал туберкулезден 4-8 айда айығуға болады. Бұрын ол үшін науқастар жылдап емделетін. Ал дәріге төзімді түріне шалдыққандардың 2 жыл емес 6 айда жазылуына мүмкіндік бар.

Ауылдық жерлердегі пациенттер үшін емнің үзілмеуі маңызды. Сондықтан дәрі қабылдау барысын бейнеқоңырау арқылы бақылау жүйесі енгізілген. Алдағы уақытта жасанды интеллект те салаға серпіліс бермек.

Мәлік Әденов, ҚР Ұлттық фтизиопульмонология орталығының директоры:

Флюорографиялық рентген арқылы скрининг өткізетін жерде ЖИ қолдануды жобалап отырмыз. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында пилот ретінде екі өңірде енгізіледі. Ол біріншіден, туберкулезді ауылдық жерлерде тексеруге мүмкіншілік береді. Өйткені ол жерде прототипті рентген аппараттар бар. Салмағы 25 келі алып жүруге ыңғайлы аппараттар қолданылады. Екіншіден, 1 минуттың ішінде түсірілген сурет ЖИ-дан өтеді. Сол жерде ЖИ тек туберкулез ғана емес өкпеде өзгерістер, дерттер бар ма анықтап береді.

Дәрі-дәрмек пен емдеу шараларының түгелдей бюджет есебінен төленетіні де көрсеткіштің жақсаруына сеп дейді, мамандар. Аурудың азайып келе жатқаны міне осындай жұмыстардың жемісі. Десе де денсаулық сақтау мамандары дерт дендегендердің дені уағында екпе алмағандар екенін еске салады.


Бөлісу