Басты Жаңалықтар «Дипломмен ауылға»: Маңғыстау облысында нәтиже беруде

«Дипломмен ауылға»: Маңғыстау облысында нәтиже беруде

Маңғыстауда Түпқараған ауданында дәрігер тапшылығы мәселесі шешімін тапқан. Бұған «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы септігін тигізді. Соңғы екі жылда ауданға 11 медицина маманы келген. Жас дәрігерлерге баспана беріліп, бірреттік көтерме жәрдемақы төленген.

Ерназар Құлымбетов – Қарағанды медицина университетінің түлегі. Ол әкімдіктің шақыртуымен Форт-Шевченко қаласына жұмысқа келген. Қазір аудандық ауруханада терапевт-дәрігер болып қызмет етеді. Жас маманның айтуынша, ауылда жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.
Ерназар Құлымбетов, терапевт:
Әкімшілік жағынан шақыртулар болды, соның есебімен келдік. Шүкір, халық жақсы. Үй берілді көмек ретінде және қолдан келгенше барлық көмек беріп тұр. Кедергі жоқ, барлығы жақсы, барлық жағдай жасалған, қажетті аппараттың барлығы бар.
Бұған дейін ауыл тұрғындары ем іздеп облыс орталығы Ақтауға баратын. Қазір ауданда ультрадыбыстық зерттеу аппараты мен компьютерлік томограф, құлақ, мұрын және көз ауруларын емдейтін заманауи медициналық құралдар бар.
Қатарбай Қарабалаев, Қызылөзен ауылының тұрғыны:

Бір жағымнан инсульт алғам, 2025-те осы Форт-Шевченкоға емге келіп, емдеу жүріп жатыр. Осы емді алғалы жағдайым жақсы қазір. Қалаға бармай-ақ осы жерден еміміз жүріп жатыр, дәрігеріміз де жақсы.

Соңғы екі жылда ауданға «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен 11 дәрігер келген. Олардың арасында инфекционист, анестезиолог-реаниматолог және хирург бар. Қазір күрделі оталардың бірқатары ауданның өзінде жасалады.
Нұрзия Төлеуғалиева, Түпқараған аудандық аурухананың бөлім меңгерушісі:
Былтырғыдан қарағанда бізге аппаратуралар келіп жатыр. Мысалы, алдыңғы жылдары бізге КТ аппараты КТ томография келді. Соның өзі үлкен нәтиже. Себебі біз Ақтау қаласына жібермей, аудан халқына өзіміз қызмет етіп жатырмыз.  
Ауданда 60 орындық перзентхана да жұмыс істейді. Соңғы алты айда мұнда 50 нәресте дүниеге келген. Ал соңғы бес жылда 500-ден астам сәби туған.


Бөлісу