Халыққа қызмет көрсету орталығында ЖИ жұмыс істейді
Халыққа қызмет көрсету орталықтары онлайн форматқа көшіріледі. «Отбасы банкте» жасанды интеллект арқылы жұмыс істемек. Осылайша, алдағы уақытта мемлекеттік қызмет тұтастай цифрлық жүйеге ауысады. Ауқымды өзгерістер жайында Үкімет отырысынан Жанел Нұрболатқызы айтады.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Енді Халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезек күтпейсіз. Барлық қызмет жасанды интеллект арқылы көрсетіледі. Қазіргідей маман отырмайды. Роботтар көмек береді. Оның атауы да бар - еGovGPT.
Жаслан Мәдиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
Енді өзінің өмірлік жағдайын қысқаша сипаттаса жеткілікті. Мысалы, маған тұрғылықты жер бойынша тіркелу керек немесе биыл балам бірінші сыныпқа барады - еGovGPT қажетті қызметті өзі анықтап, азаматтың атынан өтінішті дайындайды, қызметті соңына дейін жеткізеді.
Кімге жәрдемақы тағайындалатынын да енді жасанды интеллект анықтайды. Жүйе базадан ақпарат алып, табысы төмен отбасылардың тізімін жасақтайды. Сосын жергілікті әкімдік роботтың есебін тексеріп, түпкілікті шешімді қабылдайды.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Жүйе алдымен төлем алушыларды анықтап, тағайындау туралы шешімнің жобасын қалыптастырады. Қыркүйек айында өтініштерді eGov Mobile арқылы беруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
«Отбасы банк» те жаппай жасанды жадыны енгізіп жатыр. Соның арқасында қызметтер екі есе тез көрсетілмек.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы:
Мәселен, енді «Дипломмен ауылға» бағдарламасына құжаттар бұрынғыдай 30 минутта емес, 5 минутта қабылданады. Кепілді тексеру 40 емес, 5 минутта жүзеге асады.
Елде цифрландыру барлық бағытта жолға қойылған.
Өзге елдер біздің жобаларға қызығып жатыр. Жуырда Сьерра-Леоне, Того, Тәжікстан eGov үлгісін миллиардтаған сомаға сатып
алған еді. Алайда мемлекеттік қызмет ойдағыдай іске асқанымен, кәсіп кенжелеп
тұр. Премьер-министр «eGov Business» жүйесін жетілдіруді жүктеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қызметтердің 60%-ы әлі күнге дейін қағаз түрінде көрсетіліп келеді. Бұл жағдайды өзгерту қажет. Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін көрсетілетін қызметтерді түбегейлі қайта қарап, оларды дереу цифрландыруды және eGov Business платформасына шығаруды тапсырамын.
Осылайша, алдағы жылдары Қазақстан түбегейлі цифрлық хабқа айналады. Бұрын кинодан ғана көретін болашақтың қалалары біздің елде болады. Бұл уақытты үнемдеумен қатар, жемқорлыққа жол бермеу үшін жасалып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы