Ел жаңалықтарына шолу
Қазақстандықтар Aitu арқылы көрімдік пен сүйінші жібере алады. Сонымен қатар, платформада цифрлық шежіре мен отбасылық чаттарға арналған жаңа функциялар іске қосылады. Ал Испания телеарнасы Димаш Құдайберген жайлы арнайы материал көрсетті. Осы және өзге де қызықты ақпараттар келесі топтамада.
Қазақстандықтар AITU арқылы көрімдік пен сүйінші жібере алады
Қазақстандықтар алдағы уақытта жақындарына ақшалай аударымдарды Aitu қосымшасы арқылы жасай алады. Мәселен, көрімдік, сүйінші, асар және садақа жіберу үшін арнайы функциялар енгізіледі. Сонымен қатар мессенджерде цифрлық шежіре жүргізу, қазақ және орыс тілдері арасында автоматты аударма жасау, отбасы мен тұрғындарға арналған чаттар құру мүмкіндіктері пайда болады.
Арменияда ірі жасанды интеллект фабрикасы ашылды
Арменияның Раздан қаласында жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған ірі есептеу инфрақұрылымы орталығы ресми түрде ашылды. Жобаның алғашқы кезеңінде қуаты шамамен 15 МВт болатын 6 мыңнан астам NVIDIA B200 графикалық процессоры орнатылады. Компания есептеу қуатын кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 5 миллиард доллар. Жоба 2028 жылдың соңына дейін Армения, Қазақстан және басқа елдердегі жаһандық ЖИ инфрақұрылымының жиынтық қуатын 2 ГВт-қа жеткізуді көздейді.
Испаниялық телеарна Димаш Құдайберген туралы арнайы сюжет көрсетті
Испанияның Cuatro телеарнасы Димаш Құдайбергеннің вокалдық мүмкіндіктеріне арналған сюжет көрсетті. Журналистер әншінің дауыс диапазоны мен ерекшеліктерін оториноларинголог маманмен талқылаған. Эфирде Димаштың SOS, Diva Dance және Stranger композициялары орындалды. Қазақстандық әнші Мэрайя Кэри, Лучано Паваротти және Мария Калласпен салыстырылып, оның мүмкіндіктері «адам дауысы үшін өте жоғары мүмкіндік» деп бағаланды. Сюжет соңында Димаш «алты октава әлеміне» жетелейтін өнерпаз ретінде сипатталды.
Қазақстандық ауыр атлеттер Азия чемпионатында 14 рекорд орнатты
Ташкентте өткен ауыр атлетикадан U17 Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Олар жалпы 14 құрлықтық және әлемдік рекорд орнатып, бірнеше алтын медаль жеңіп алды. Снежана Кашкарова бес алтын медаль алып, алты рекорд орнатса, Ксения Прозорова мен Бейбарыс Ерсейіт те чемпион атанып, бірнеше рекорд жаңартты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы