Басты Жаңалықтар Форт-Шевченко қаласында ауыз су мәселесі шешілді

Форт-Шевченко қаласында ауыз су мәселесі шешілді

Форт-Шевченко қаласында орталықтандырылған ауыз су берілгелі тұрғындардың тұрмысы жеңілдеді. Бұған дейін тіршілік нәрін тасып ішкен жұрт енді, үй іргесіне бау-бақша егіп, жеміс-жидек пен көкөніс өсіріп жатыр. Тәулігіне 5 мың текше метр ауыз су өндіретін зауытының іске қосылумен шаһарда су мәселесі толық шешілген. Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.

Мақсат Марқағұлов үйінің ауласын аз уақыттың ішінде жайқалған баққа айналдырған. Бағбан алдымен құм-тас аралас топырақты алып, орнына тыңайтқышпен құнарландырылған қара топырақ төккен. Жүйелі суарудың арқасында анар, құрма, інжір сынды субтропикалық жеміс ағаштары биыл да мол өнім беріп отыр.

Мақсат Марқағұлов, қала тұрғыны:

Былтыр да мына жүзімдер өте көп берді. 120-150 келіге дейін береді әрқайсы. Анар да жақсы береді. 500 грамм, бір келіге жақын өсетін үлкен анарлар бұлар. Кішкентай емес. Бұл жерде бәрі өседі, тек ерінбей еңбектену керек. Сосын шама келсе жастарға, балаларға үйрету керек.

Жанар Ғұмарованың  ауласы да жайқалып тұр. Алма, алмұрт, өрік, шабдалы мен жүзімнің сан түрі бар. Еңбекқор отбасы жеміс ағаштарымен қатар көкөніс те егіп, бау-бақшаны ерекше күтімге алған. Ал суды үнемдеп, тамшылатып суару жүйесін орнатқан.

Жанна Ғұмарова, қала тұрғыны:

Үш жылдан бері оларды баптап, өсіріп келе жатырмыз. Өзіміз де жемісін жеп, қызығын көріп отырмыз. Көрші-көлем, тумаластарымызға да беріп. Сатып та жатырмыз, пайдасын көріп. Құнарлы, тұщы суымыз бар. Соның арқасында осылай жасыл желек болып өсіп тұрғаны.

Форт-Шевченко қаласындағы су тұщыту зауыты осыдан 11 ай бұрын іске қосылды. Кәсіпорын Каспий теңізінің суын тұщытады. Қазір мұнда күніне 2,5 мың текше метр су өндіріліп, Форт-Шевченкомен қатар Аташ және Баутин ауылдарына берілуде.

Байбол Күзембаев, Су тұщыту зауытының бас механигі:

Суымыз өте сапалы. Себебі мында перманганат шығады өте таза. Оның үстіне біздер қоспа суымен минерализация жасаймыз. Қазір бізде артезиан суы да бар. Содан 10 процент қосамыз. Сапалы суды қазір халыққа беріп отырмыз түгелімен.  

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Форт-Шевченко тұрғындары бұған дейін ауыз суды арнайы көлікпен тасып ішетін. Ал қазір жағдай өзгерді. Су тұшыту зауыты іске қосылғалы бері халық сапалы ауыз суды орталықтандырылған құбыр желісі арқылы тұтынып отыр. Теңіз суын тұщытатын кәсіпорын тәулігіне 5 мың текше метр су өндіруге қауқарлы.

Кәсіпорын толық автоматтандырылған, 24 адам екі ауысыммен жұмыс істейді. Бүгінде 8 мыңнан астам тұрғыны бар Форт-Шевченкода ауыз су мәселесі толық шешілген.


Бөлісу