Басты Жаңалықтар Колумбияда зілзаладан 164 адам қаза тапты

Колумбияда зілзаладан 164 адам қаза тапты

Колумбияда алапат жер сілкінісі болды. Соңғы мәліметке қарағанда, 164 адам қаза тауып, жүздегені жараланған. Құрбандар саны әлі өсуі мүмкін. Себебі талай адам үйінділердің астында жатыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жаластырады.

Колумбияда қуаты 7,4 баллдық зілзала эпицентрі Чоко провинциясында 107 шақырым тереңдікте анықталды. Қазір ондаған қала мен елді мекенде іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр. Дүмпуді Эквадор, Панама және Венесуэла тұрғындары да сезген. Колумбия Геологиялық қызметінің мәліметінше, бұл – ел тарихында 21-шы ғасырда болған ең қуатты жер сілкінісі. 

Табиғи апаттан кофе шаруашылығы өркендеген аймақтағы Перейра қаласы мен оның айналасындағы ауылдар ең көп зардап шекті: мыңдаған үй қирап, жүздеген адам жараланып, 200-ге жуығы жоғалып кеткен.

Абелардо де ла Эсприэлла, Колумбия президенті:

Біз қазір Кали қаласының Бірлескен командалық орталығында тұрмыз. Сіздерге соңғы әрі жаңартылған мәліметтерді ұсынғым келеді. Жалпы алғанда,  5 мыңдай үй зақымданды немесе құлады. Жараланғандар саны болса, шамамен 700-ге жетіп, 188 адам жоғалып кетті. 39 мектеп пен әуежай да зардап шекті. Бізді аса алаңдатып отырғаны бір мәселе бар: Ол  – жоғалып кеткен адамдардың тағдыры.

Осыдан бірер сағат бұрын Колумбия президенті мемлекет аумағында төтенше жағдай жариялап, апатқа жауап беретін арнайы комитет құрылғанын және зардап шеккендерге бюджеттен қаржы бөлінетінін хабарлады. Ал Кали, Армения, Манизалес қалаларына әскер мен полиция кіргізуге тура келді. Себебі  бұл жерлерде дүкендер мен жеке мүлікті тонау қаупі күшейген.

Алехандро Эдер, Кали қаласының мэрі:

Бізде мародерлік әрекеттер жиілейді деген қауіп туындап отыр. Сондықтан коменданттық сағат енгізуге мәжбүрміз. Азаматтарды тонаушылық пен қауіпсіздікке байланысты кез-келген оқиғаны дереу хабарлауға шақырамыз.

Колумбия Тынық мұхиттың сейсмикалық белсенді «отты шеңберінде» орналасқан. Мұнда магнитудасы мардымсыз дүмпулер ай сайын тіркеледі. Сондай оқиғаларға жергілікті халық осы зілзаладан кейін 21 рет куә болыпты.

Айта кетсек, 1999 жылы бұл мемлекеттің Армения және Перейра қалалары мен өзге аудандарында 6,2 баллдық зілзаладан мыңнан астам адам мерт болды.

Бөлісу