Басты Жаңалықтар Абай күні Алматыда ауқымды шара өтті

Абай күні Алматыда ауқымды шара өтті

Абай күні қарсаңында Алматыда ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтаған ауқымды мәдени шара өтті. Ашық аспан астындағы сахнада көрерменге Абайдың тұңғыш шығармалар жинағының жарық көру тарихын баяндайтын «Алғашқы кітап» деректі фильмі ұсынылды. Кеш соңы мерекелік концертке ұласты.

Деректі драма жанрында түсірілген туындыда 1909 жылы Петерборда жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабының тағдыры баяндалады. Фильмде ақын шығармаларының қалай жинақталғаны, кітаптың жарыққа шығу жолы және оны басып шығаруда кездескен қиындықтар қамтылған.

Базарбек Атығай, сценарий авторы:

Біздің еліміздегі ең үлкен ескерткіш Хакімжан Наурызбаев жасаған Абай ескерткіші ол Алматыда тұр. Ең үлкен даңғыл кезінде 12 шақырым болған, қазір 20 шақырым созылып жатыр. Алматыда Абай есімімен байланысты өте көп нысан бар. Былтыр 180 жылдығы болған. Биыл да сол деңгейден түспей, Алматы қаласы Абай күнін осындай үлкен іс-шаралармен атап өтіп жатыр.

Деректі фильмнен кейін мерекелік кеш музыкалық-поэтикалық қойылымға ұласты. Сахнада Абайдың шығармалары орындалып, ақынның өлеңдері мен қарасөздерінен үзінділер оқылды.

Фархат Молдағали, режиссер:

Сахнаның бергі жағында 200-дің үстінде өнер адамдары мен техникалық қызметкерлер, оның арғы жағында 10 мың, 20 мың көрермен тұр. Менің ойымша, Абай күні осындай деңгейде өтуі керек деген ойдамын.

Ал кештің шырайын «Almaty Summer Fest» фестивалі кіргізді. Түрлі жанрдағы өнерпаздар Абай әндерін жаңаша нақышта орындап, көрерменге ерекше музыкалық бағдарлама ұсынды. Мерекелік кештің шарықтау сәтінде ашық аспан астына жиналған мыңдаған адам Абайдың әндерін бірге шырқады. Осылайша Алматыда ұлы ақынның мұрасы өнер мен заманауи мәдениетті тоғыстырған ауқымды шара арқылы дәріптелді.


Бөлісу