Қызылорда–Сексеуіл бағыты: 9 жолайрығы, 14 көпір салынады
Арал ауданындағы Сексеуіл елді мекені тоғыз жолдың торабында орналасқан. Қытай мен Еуропа арасындағы халықаралық автодәліздің бойындағы осы жерден енді Каспий теңізінің Құрық портына қарай төте жол түседі. Бұл «Каспий-Арал» магистралі!
Бейнелеп айтқанда, ғасырлар бойы құм басқан жолды аршып алу ісі басталады. Жоба бойынша Сексеуіл мен Бейнеу аралығы екінші санатты, Қызылорда – Сексеуіл бағыты бірінші санатты. Сексеуіл мен Бейнеу автожолы Арал ауданындағы бірқатар шалғай ауылға жол ашады. Құрғаған теңіздің маңындағы елді мекен тұрғындары жол азабынан құтылатын сияқты.
Құланды, Ақеспе, Ақбасты, Қосаман, Бердікөл елді мекендеріне қан жүгіріп, бұл жол халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізеді деп сенім білдіреміз.
Бұл жобалардың құрылысы Президент пәрменімен бір мезетте Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда өңірінде басталды. Халықаралық қаржы ұйымдарының есебінен жүзеге асады. Сонымен «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы 2029 жылға дейін аяқталуы тиіс. Күрежолдың ең ұзағы Бейнеу – Сексеуіл бағыты. 800 шақырым. Бұл Транскаспий дәлізінің негізгі буынына айналмақ. Қорғас пен Ташкенттен басталған жүк Шымкент пен Қызылорда арқылы Сексеуілге жетіп, Ақтау порты арқылы Бакуге, Ақтөбе арқылы Ресей шекарасына дейін жалғасады. Маңызды штрих – Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы тар жол төрт жолаққа кеңейтіледі.
Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз.
Ал 462 шақырымдық Қызылорда – Сексеуіл бағытында 4 жолақты магистраль салынады. 9 жолайрығы, 14 көпірмен қатар жол бойында сервистік нысандар бой көтереді. Орталық пен Оңтүстікті жалғайтын «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыты 312 шақырымнан асады. Ал Қызылорда бағытымен қоса есептегенде 774 шақырым жол салынады. Жолды отандық кәсіпорындар төсейді. Шамамен 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Бұл жолдар жүк тасымалын 2,5 есе арттырып, жылына 13,2 миллион тонна жүк тасылады. Еліміз арқылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Мақсат – Батыс пен Шығыс арасындағы жетекші логистикалық хабқа айналу. Былтыр автокөлікпен жүк тасудан түсетін табыс 1,5 триллион теңгеге жетті.
Мүмкіндікті жіберіп алатын сәттер болады. Болды да. Мүмкіндікті көріп, бастаған әрекет біздің уақытта ғана емес, бізден кейін де маңызды. Өте маңызды. Бұл жол салуға ғана қатысты емес.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы