Мерейлі отбасы – тәрбие мен дәстүр сабақтастығы
«Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға биыл 4 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл - ұлттық отбасы институтын дәріптеуге ынталылардың арта түскенін көрсетеді. Бабадан балаға жалғасатын тәлім-тәрбиені ұлықтау - үлкен жауапкершілік. Әр жылдары аталған байқауда жүлделі болған оңтүстіктегі шаңырақ иелері осы қағиданы берік ұстанып, отбасылық құндылыққа толы мағыналы ғұмырын лайықты жалғастырып келеді.
Мерейлі отбасы атанған Бейісбековтер шаңырағында жеті өнерпаз тұрады. Болатбек Бейісбеков пен жұбайынан басталған шығармашылық жолды бүгінде ұл-қыздары мен келіні жалғастырып келеді. Әулет мүшелері сурет өнерімен қатар, қолөнердің түрлі бағыттарын да меңгерген. Бұл дәстүр немерелеріне де дарыған, үшеуі қазір өнер және көркемсурет бағытында білім алып жүр. Ал мектеп жасындағы кішілері өз туындыларын жасап, көпті тәнті етіп келеді.
Болатбек Бейісбеков, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:
Мерейлі отбасы болуымызға көмек берген сол ата-бабамыздың ұлттық қолөнермен, ұлттық құндылықтарымызбен айналысқанымыздың арқасы деп есептеймін. Себебі біздің ата-бабамыздың өнерінде салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, тәрбие де, дін де, дүниетаным бәрі жатыр.
Түркістан облысының Сауран ауданында тұратын Молдабековтер әулеті де «Мерейлі отбасы» атанған. Олар маңдай тер мен адал еңбектің адамды абыройға жеткізетінін жақсы біледі. Ынталы ауылының тұрғыны Нұрмахан қарияның балалары жастайынан тірлікке бейім болып өсті. Әкесі баптаған алма баққа бүгінде үлкен ұлы Нұрлыбек Молдабеков қамқорлық жасап, өз ұрпағына еңбектің қадірін үйретіп келеді. Себебі адал еңбектің жемісі әрдайым берекелі.
Нұрлыбек Молдабеков, Ынталы ауылының тұрғыны:
Әкеміз осы бауды қолға алып біраз жұмыс істеді. Сол кезде біз келіп осында алма тердік. Сосын кейін бізге алманы қалай баптау , бұтау, суару керектігін үйретті. Мен өзім әкемнен кейін 1992 жылдан осы бауда бағбаншы болып істедім. 2006 жылы ұжым болып тарағанша дейін осы бауға қарап, өнімін алып, апарып өткізіп, сондай қызметте жүрдік.
Тараздағы Ұмаровтар әулеті 5 жыл бұрын мерейлі отбасы атанды. Бірлігі жарасқан отбасы үшін бала тәрбиесі мен білімі бірінші орында. Сондықтан Азиза ана үлкен шаңырақтан 7 денсаулық сақтау саласының үздігі шыққанын айтты. Бүгінде 86 жастағы кейуана бес баласынан 13 немере, 5 шөбере өсіріп отыр.
Марифат Әзизова, зейнеткер:
Біз бәріміз еңбектің арқасында елге танылып, барлығы сол отбасындағы бірлік және берекенің арқасында. + Соның арқасында «Мерейлі отбасы» деген атаққа ие болдық. Біздің міндетіміз балалармен көбірек уақыт өткізіп, өзіміздің білгенімізді айтып отыруға тырысамыз.
Мерейлі отбасы атанған үш әулеттің де ұстанымы ортақ – отбасыдағы тәрбие мен құндылықты сақтау. Үлкен буыннан басталған өнер, еңбек пен өнеге бүгінде кейінгі ұрпақтың өмір жолынан көрініс тауып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы